Әйелдер арасындағы ел кубогында шымкенттік команда топ жарды

48

 

Футболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының ойындары өз мәресіне жетті. 20-26 сәуір аралығында Шымкент қаласында өткен тартысты додада “БИИК-Шымкент” клубының футболшылары жеңімпаз атанды. Үшінші мегаполистің абыройын асқақтатқан команда осымен ел кубогында 14 дүркін чемпион болып отыр.

Футболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан кубогында «БИИК Шымкент» клубы жеңіске жетті.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов дүбірлі додада қаламыздың абыройын асқақтатқан спортшыларды арнайы құттықтады. Бұл жеңіс барша шымкенттіктер үшін үлкен қуаныш! Бүгінде ұлттық құрамада 7 футболшы қызымыз өнер көрсетеді. Еліміздің әйелдер ұлттық құрама командасы ФИФА рейтингісі бойынша 161 команданың ішінде 76 орында тұр.

Шымкенттік команда қорытынды кездесуде Ақмола облысының “Оқжетпес” клубының ойыншыларымен алаңға шығып, 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен 5 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді. Дегенмен нәзік жанды футболшылар бұл жетістіктің оңай келмегенін айтады.

Фатима, Сатығалиева, футболшы: «Біз өте қуаныштымыз. Бірақ жеңіске жету оңай болмады. Қарсыластарымыз мықты дайындалған. Бірақ, біз қаламыздың абыройы үшін бар күшімізді жинап, намысқа тырыстық. Және жеңіске жеттік. Ең алдымен жаттықтырушымызға алғыс білдіреміз. Сондай-ақ бізге қолдау білдіріп, мотивация беріп отырған жанкүйерлерге мың алғыс».

«БИИК- Шымкент» командасы 2012 жылдан бері еліміздің атынан УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. УЕФА «Чемпиондар лигасы» ойындарында Германияның «Франкфурт», «Бавария», Испанияның «Барселона», Италияның «Верона», Францияның «ПСЖ» клубтарымен тең дәрежеде өнер көрсетуі – команданың әлемдік футболдағы мәртебесін арттыра түсті.