Түлкібас аудандық сотында «М» есімді азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Құқық бұзушы «М» өз енесіне пышақ сермеп, оң қолын кесіп, нәтижесінде денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген.
Сот отырысында құқық бұзушы жасаған әрекетін мойындап, отбасылық жанжал кезінде, араша түскен енесіне ашумен пышақ сермегендігін көрсетті.
Жәбірленуші қызының үйіне қонаққа барғанында, қызы жерде жатқанын көріп, құқық бұзушыға қой дегені үшін, құқық бұзушы ас бөлмесінен пышақ алып келіп «кетіңдер» деп сермеп ұмтылған, сол кезде қолын кесіп кеткенін, сосын полиция шақыртқанын көрсетті.
Сот қаулысымен құқық бұзушы «М» Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 13 (он үш) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Соңымен қатар, құқық бұзушы «М»-ға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынып, 6 (алты) ай мерзімге мінез-құлқына ерекше талап белгіленді. Мiнез-құлқына ерекше талап қолданылу мерзiмi iшiнде профилактикалық әңгіме жүргізу үшін Түлкібас аудандық полиция бөліміне айына 2 (екі) рет, әр айдың 10, 20-на барып тұру міндеттелді.