«Келін өзіндік орнын білуі керек…»

1608

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы аяулы ана, үлгілі ене Фатима Қайырбекқызы:

– Ене мен келін арасындағы қарым қатынас қалай болуы керек? Татулықты сақтау құпиясымен бөлісіңізші…
– Өзімнің 4 келінім бар. Қолымда үшінші келінім отыр. Татулықтың ешқандай құпиясы жоқ. Қолыңа біреудің қызы келіп қонғаннан кейін аялау керек, тәрбиелеу керек. Қыз анасынан көрген тәрбиесімен келеді, одан қалса ененің тәрбиесі болады. Ененің тәрбиесі жақсы болса келін жақсы болады. Жас келін келгеннен кейін жақсы жағын көріп тәрбиелеу керек. Ол да сенің балаң, сенің перзентің. Жақсысын асырып, жаманын жасырып отыруың керек. Балаң қалап үйге алып келгеннен кейін оны мәпелеп, жақсылап тәрбиелеп білмегенін үйрету керек. Білмесе түртпектемеу керек. Қыздарыма да, келіндеріме де жақсы тәрбие бердім. Келін істей алмаса көмектесіп, көрсету керек. Қонақ келсе үлгере алмай жатса жасырын барып көмек көрсетіп жіберу керек. Біреудің көзінше «өйтпедің, сөйтпедің» деу де әбестік. Санасында бар келін ары қарай алып кетеді… Келіндерім өзара тату тұрады. Айына екі рет бала-шағам келіп, дастархан басында бас қосамыз. Бұл да бір татулыққа жетелейтін төте жол. 27 немерем, 9 шөберем бар. Бір қызым Қызылордада тұрады. Бізге қонаққа келгенде мұндағы бауырларынының бәрі қара шаңыраққа жиналады… Келіннің аты – келін. Бәрібір қызыңдай бола алмайды. Кісінің үйінің табалдырығын аттағаннан кейін келіндік міндетін атқаруы керек. Енесі тәрбиелер, келіндік өз орнын білуі керек.
– Бүгінде жасырары жоқ, ене мен келін бір-бірімен қырқысып қалып жататыны жасырын емес. Мұндай жағдайларда болдырмаудың амалы қайсы?
– Кейде келіннің жасаған ісі ененің көңілінен шықпай қалады. Ене де оталып кетеді ғой. Ене ақылға, сабырға салып, басалқалы болып жолын сілтеп, жөн көрсетуі тиіс. Ененің айтқанын келін көтере алмай қалады. Қарсы келудің қажеті жоқ. Келін жас, ене өзін басып ұстауы керек. Келін санасында бар болса кешірім сұрайды.