Қазақстанда биылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде 1,4 миллион гектардан астам алқапқа егін егілді. Егіс науқанына оңтүстік өңірлермен қатар еліміздің батыс және шығыс аймақтары да қосылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша биыл 23,4 миллион гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Көктемгі дала жұмыстары кезінде қазірдің өзінде 1,4 миллион гектардан астам алқапқа дән себілген.
Дәнді және бұршақ дақылдарының, мал азығы дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптары, әлеуметтік маңызы бар күнбағыс, көкөніс және бақша дақылдарының, картоп пен қарақұмықтың алқаптары да ұлғайтылды.
Министрлік тұқымдарды себу 100 пайызға орындалғанын атап өтті.
Шаруалар өз кезегінде 2,3 миллион тонна тұқым қорын жинады. Өңірлер де қоймалардағы тұқым қорын жасақтады. 2023 жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 11,4 миллиард теңге бөлінді.
Бүгінгі таңда өңірлер бөлінген 419 мың тоннадан 284,4 мың тоннаға жуық жеңілдетілген дизель отынын сатып алды. Операторлардың шығынын есепке алатын болсақ, республикада шаруалар үшін орташа баға нарықтық бағадан үштен бірге арзан және литріне 204 теңгені құрайды.
«Кең-дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егістік науқанын қаржыландыруға, атап айтқанда, шамамен 2 миллион гектар алқапқа егін егу мен жинауға барлығы 140 миллиард теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде шаруаларға 133,8 миллиард теңге төленді.
Азық-түлік корпорациясы өз тарапынан форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастырып, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық несиелер бере бастады. Бұл мақсатқа кемінде 70 миллиард теңге қарастырылған.