Шитті мақта бағасы 400 теңге болады деген болжам бар

Биыл Түркістан облысында мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Нәтижесінде 345 мың тонна шитті мақта жиналады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, жыл басынан бері «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8,4 мың гектар аумақта 3000 жоба іске асырылған. 

Қазіргі таңда Түркістан облысында жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл өңірде «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8,4 мың гектар аумақта 3000 жоба іске асырылды. Облыста бірінші және екінші өнімнен 230 мың тонна көкөніс жиналған. Ал 85,5 гектарға жаңа жылыжайлар салынған. Бүгінде жылыжайлар есебінен 118 мың тонна өнім өндіріліп отыр.

«Биыл ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш жоғары. Жетістіктер жылы болып тұр. Көп жұмыс атқарылды. Бұл – осы саладағы азаматтардың, халықтың еңбегінің жемісі. Енді осы жетістікке жету жолын үйреут үшін шаруаларды жинап, семинар өткізу керек. Көкөніс, бидайға қатысты семинар өткізіп, тәжірибемен бөліскен жөн. Егістік басына апарып, техникалар мен технологияларды көрсету арқылы жұртшылықты ауыл шаруашылығына қызықтыра аламыз» – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

 

Биыл өңірде мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Жалпы 345 мың тонна шитті мақта жиналып, көрсеткіш өткен жылға қарғанда біршама артады деген жоспар бар. Ал бір келі мақта бағасы өткен жылы 320-380 теңге аралығында болса, биыл шамамен 400 теңге көлемінде болады деп күтіліп отыр.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар 313 мың гектарға егілсе, көкөніс, бақша, картоп 119,4 мың гектарға егілген.
Бүгінгі күнге 254 мың гектарға егілген астықты ору науқаны аяқталды. Гектар түсімділігі 19 центнерді құрап, өткен жылдан 8,7 центнерге артып, 471,3 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс пен бақшадан 2,8 млн. тонна өнім жиналса, облыста 112,6 мың тонна жеміс-жидек жиналған. 44,8 мың гектар дәндік жүгеріні жинау науқаны басталды. 250 мың тонна өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз» – дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов

Мемлекет тарапынан күзгі жиын-терім жұмысына 48 мың тонна жанар-жағар май бөлініп, агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден беріліп жатқан көрінеді. Ал, бұл – нарықтық бағадан 15-20% төмен, дейді жауаптылар.