3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары су астында қалған

166

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған.

Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн. теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған Арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр.

Сала мамандарының айтуынша, әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталыпты.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.

Мақпал Рысбаева