«Шымкент барысы» — екі палуан республикалық жарысқа жолдама алды

107

Үшінші мегаполисте қазақ күресінен «Шымкент барысының» іріктеу турнирі өтті. 12 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бәсекеде 20-дан аса палуан бақ сынады. Ал топтан суырылып шыққан үздік 2 палуан республикалық «Қазақстан Барысы-2023» жарысына жолдама алды.

Жеңіс күні қарсаңында қазақ күресінен «Шымкент барысының» іріктеу турнирі өтті. Білектілер бәсекесіне қаламыздан 20 палуан қатысты. Солардың бірі ең ауыр салмақ дәрежесінде белдесетін Нұрсұлтан Қожагелдіұлы. Ол бірінші кездесуінде жамбас әдісін қолданып, қарсыласынан айласын асырды. Ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан түйе палуан бұл спорт түрімен 10 жылдан бері айналысып келеді.

Нұрсұлтан Қожагелдіұлы, спортшы: «Құдай қаласа, іріктеуден өтіп, «Қазақтан барысында» жеңіске жетемін деп ойлаймын. Әр белдесу өзінше қиын болады. Алдағы турларда да дәл осылай жеңем деп ойлаймын»

«Шымкент барысы» іріктеу турнирінде палуандар 30 шақты белдесу өткізді. Ақтық сынға шыққан 2 спортшы шілде айында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық сайысында қала намысын қорғайды.



Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Біздің спортшыларымыздың дайындығы жақсы. Өздеріңіз де білесіздер Оңтүстік Қазақстан болғанда да, Шымкент қаласы атанған соң да жеңімпаздарымыз болды. Біздің Шымкенттің атынан Байкомуров Марат деген балуанымыз әскер барысы атынан «Қазақстан барысына» қатысатын болды. Сонымен 3 спортшы қатысады есебінде. Шымкент қаласының атынан 2 спортшы, ал әскер барысынан 1 спортшы. Бұл біз үшін қуанатын нәтиже»

Боз кілемде кіл мықтыны саралаған бәсекеде Ерсұлтан Мұзапаров жүзден жүйрік шығып, 1 млн теңгені қанжығасына байлады. Жүлделі 2 орынды Мейіржан Әбдімәлік еншілеп, 500 мың теңгені ұтып алды. Ал 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізген Нұрсұлтан Қожагелдіұлы 3 орынды місе тұтты.