Шымкенттік оқушылар АҚШ-тан жүлдемен оралды

47

Шымкенттік жас ғалымдар робототехникадан өткен Әлем чемпионатында 3 орынға ие болды. Олар байрақты бәсекеде жаңа инновациялық құрылғысын таныстырып, әділ қазылар алқасының ыстық-ықыласына бөленген. Тіпті үздік сегіздікке де ілінген. Шымкенттік құрама Қазақстанның ғана емес, Азияның намысын қорғап қайтты. 

Робототехникадан әлем чемпионатында ел намысын қорғаған жеңімпаз жастар елге оралды. Олар Американың Вустер қаласында өткен байрақты бәсекеде үшінші орынға ие болды. Сайысқа 75 команда қатысқан, соның ішінде инновациялық жобалар бөлімі бойынша шымкенттік оқушылардың құрылғысы үздік 8-дікке енді. 9 сынып оқушысы Арнұр Дәулет маңызды додада топ жару үшін 4 ай бойы үздіксіз еңбек еткендерін айтады.

Арнұр Дәулет, 9 сынып оқушысы: «Барлық командалардың ішінен 3 — орын алу әрине оңай болған жоқ. Бұл тек менің ғана емес, барлық команда мүшелерінің жетістігі. Жарысқа 3 апта қалған кезде 24/7 мектепте дайындалдық. Қазылардың мақтап айтқан сөздері өте көп болды. Біздің тапсырмаға ойлап тапқан аттешменттерімізге алғысын білдірді. Сонынмен қатар жақсы ойлап табылғаны жайында комментарийлер қалдырды»


Әділ қазылар алқасын таңғалдырған жоба электр энергиясын сақтауға арналған. Қондырғы артық энергияны жинап, кейін қолдануға мүмкіндік береді. Ал мұндай жаңалық “шалғай елді мекендер үшін таптырмас дүние” — дейді жас ғалым.

Абай Бекболат, 9 сынып оқушысы: «Компанияның офисі қала сыртында орналасса, олар күн немесе жел энергиясынан 6600 киловат сағатына энергия алады. Оның тек 6000-ын ғана қолданады. Сонда бізде 600 киловат энергия артық қалады. Ал оны сақтап қалу үшін біз осы құрылғыны ойлап таптық. Мұнда артық энергияны сақтап, кейін керек кезде, қайта өзімізге береді. Артық энергия астыңғы резервуардағы суды үстіңгі резервуарға жібереді. Бізге энергия қайта керек кезде шарлы кран ашылып, қайтадан өзімізге энергияны ала аламыз»

Жас ғалымдар жарыс барысында ең жоғары деп есептелген 400 баллдың 320-сын жинаған. Жоба жетекшісі “жаңа құрылғының әлем үшін маңызы зор, сондықтан да жеңіс тұғырынан көрінетінімізге сенімді болдық” — дейді.

Бейбарс Тоқжанов, информатика пәнінің мұғалімі: «Оқушыларымыз Астана қаласында өздерін жақсы көрсете алды. Олар сол жақтан 1 орын алып, АҚШ-қа жолдама алған еді. Біздің жобамыз мықты болды. Әлем чемпионатында да біздің жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Балаларымыз жеңіспен келді»

Айта кетейік, бұған дейін жоба Орталық Азияда үздік деп танылған еді. Ал әлем чемпионатында Азияның намысын 2 команда қорғады. Соның бірі шымкенттік жас өрендер. Енді жеңімпаз жастар, әлі де құрылғыны жетілдіріп, қолданысқа енгізуді көздеп отыр.