«Мұнай өңдеу зауыттары жұмысын тоқтатты деген әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жасапайды», — дейді «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев. Ол Шымкент мұнай өңдеу зауытында болып, жанар-жағармай өнімдеріне қатысты өндіру және жөнелту жұмыстарының барысымен танысты.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы кәсіпорын өзіне жүктелген міндеттерді орындауда, мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті», — дейді.
Осыдан бірер күн бұрын, «мұнай өңдеу зауыты өз жұмысын тоқтатты. Енді жанар-жағармай бағасы тағы қымбаттауы мүмкін» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Алайда халықтың алдына шыққан жауаптылар, алып-қашпа дақпыртқа нүкте қойып, жоғарыда айтылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
Кәсіпорын басшысы «Шымкент мұнай өңдеу зауытында қондырғылар жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 10 500 тонна мұнай өндірілуде, терең кешенді өңдеу тәулігіне 3 мың 960 тоннаны құрайды», — деп есеп берді.
Ерболат Қожабаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс Ойл» ЖШС президенті: «Зауыт өнімді тұтынушыларға тәулігіне дизель отынын 2,5 мың тонна, бензин 3 мың тонна және авиакеросин 1 мың тоннасын жіберіп жатырмыз. Зауытта жиналған қор 22 мың тонна бензин, 35 мың тонна дизель отыны».
Зауыт басшысының пайымдауынша істен шыққан жылу қондырғысының қолданыста жүргеніне 13 жыл болыпты. Оны алмастыру үшін тапсырыс та жасалған, қондырғы келесі жылдың ақпан айында жеткізіледі.
Зауыттың жағдайымен етене танысу мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкенте арнайы келді.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы: «Мұнай өнімдерінің қоры елде жеткілікті. Дизель отынының қоры бүгінде 520 тоннаны құрайды, 33 тәулікке жетеді, бензиннің қоры 320 мың тонна -22-23 тәулікке жеткілікті. Авиа отынның қоры — 114 мың тонна. Жанар-жағармайға қатысты жағдай қадағалауда»
Басқарма төрағасының сөзінше Атырау мұнай өңдеу зауыты 1-2 күнде іске қосылады, Павлодардағы мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталған бойда 19-ші шілдеде жұмысын жалғастырады.