Шымкент қалалық ТЖД басшысы мен өзге де лауазымды тұлғалар қамауға алынды

1851
фото КТК

 

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы мен ТЖМ өзге де лауазымды тұлғалары пара алды деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали ведомствоның жартыжылдық қорытынды отырысында айтты.

Ресми мәліметке сүйенсек, жасырын іс-шаралардың нәтижелері бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып келген. Сонымен қатар тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілініп отыр.
Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

Бұдан басқа, Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатыстығы тексерілуде.