Шымкентте бір айда есірткі өсімдіктерін егіп-өсірудің 16 дерегі тіркелді

36

Ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап республика көлемінде «ҚАРАСОРА-2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Шараның 1 ай қорытындысымен Шымкент қаласы бойынша полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 29-ы қылмыс және 32-і қылмыстық теріс қылық болып табылады.
Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты болып табылатын құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру (ҚР ҚК-нің 300-бабы) бойынша жалпы 16 дерек анықталып отыр.
Мәселен, 3 маусым күні полиция қызметкерлері үй аралық және аула аралық қарау жұмыстарын жүргізу барысында, 112 орамдағы үйінің ауласында 148 түп «сора» өсімдігін өсірген 51 жастағы ер азаматты құрықтады.
Сондай-ақ, 26 маусым күні полиция қызметкерлерімен тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, Қайнарбұлақ саяжайындағы үйінің ауласында 132 түп «сора» өсімдігін өсірген 53 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды.
Сол секілді, 12 маусым күні полиция қызметкерлері Сайрам тұрғын алабындағы өз үйінің ауласында 30 түп «сора» есімдігін өсірген 49 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Бүгінде шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Атап өту қажет, «ҚАРАСОРА-2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 қазанға дейін жалғасады.