Шымкентте биыл 300-ге тарта есірткі сату фактісі тіркелген

21

Шымкент қаласының прокуратурасы Сайрам ауданында орналасқан екі есірткі зертханасын анықтады. Еліктіргіш затты жасаумен үш азамат айналысқан. Олар 100 келіге тарта есірткі өнімін дайындап, сатпақшы болған. Ал қадағалаушы органның мәліметінше соңғы жылдары есірткі бизнесімен айналысатындар саны артқан. 

Түркістан облысының аумағында екі есірткі зертханасы анықталды. Сайрам ауданында үш азамат синтетикалық өнім жасаумен айналысқан. Ал дайын болған есірткіні Шымкент қаласына келіп сатқан. Олардан еліктіргіш затты көбіне жастар салып алғаны белгілі болды. Аталған істі прокуратура бақылауына алды. Қадағалау органы тінту барысында 100 келіге жуық есірткі өнімі мен 40 келі прекурсор тәркіледі».

Ержан Марат, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Сайрам ауданында үй-жайлар жалға беріліп, онда күдіктілер арнайы құрылғылар сатып алып, еліктіргіш заттарды жасап шыққан. Тікелей өндіруші топ үш адамнан тұрған. Іс әлі тергелуде, бірақ алдағы уақытта тергеу нәтижесіне орай ұйымдасқан қылмыстық топ па, жоқ па жариялайтын боламыз»

Синтетикалық тауар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Сондықтан есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың ізіне түсу оңай емес. Олардың кейбірі Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Шетелдік азаматтар өнімдерін мұнда сату үшін тек делдалдарды жалдайды екен. Олар жастарға қомақты қаражат ұсынып, тура жолдан тайдырады. Ал прокуратура өкілдері оңай ақша қуып, заңсыз әрекетке бармауға кеңес берді.

Ержан Марат, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Олар жарнама жасайтын адамдарды жалдайды және бұл жұмыс үшін жақсы ақша төлейді. Бір жарнама үшін шамамен 10 мың, бірақ бұл нақты баға емес. Біз кімнің шетелден тауар жіберіп отырғанын анықтай алмаймыз. Себебі өздері іске араласпайды. Делдалдар сату, жеткізумен ғана айналысады. Біз тек тасып әкеліп жатқан адамдарды ғана ұстаймыз. Негізгі есірткі өндіруші анықталмай қалып жатыр. Біздің заңға сәйкес тек курьерлер ғана жауапкершілікке тартылып жатыр. Бұл біз үшін өте қауіпті»

Ағымдағы жылы есірткі бизнесі бойынша прокуратура 295-ке жуық қылмыстық іс қозғап, 70-ке жуық синтетикалық «шабарманды» ұстаған.