Арыс қаласында аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жергілікті тұрғындармен кездесуі кезінде айтылды.
Жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысу үшін жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы аумағы 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылған. Арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылған. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға 0,5 гектардан жер беріледі.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамти алады. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады.
Бұдан өзге Арыс қаласы мен елдімекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде.
Айта кетейік, өңір басшысының халықпен кездесуі аудан, қалаларда жалғасын табады.