Ынтымақтастық туралы меморандум мерзімі ұзарды

66

«Қазақстан азаматтық альянсы» қауымдастығы мен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі арасындағы ортақ меморандум өз жалғасын таппақ. Шара мақсаты тұрғындар құқығын екі жақ бірлесе отырып қорғау. Екі жақты кездесу барысында қоғам белсендігері омбудсменге өз ұсыныстарын жеткізді

Қоғамдық кеңес өкілдері Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездесіп, өздерін толғандырған мәселелерімен бөлісті. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Әйелдер құқығын басты назарға алған Баян Жандосова зорлық көрген қыздарға мемлекеттік грант ұтып алуға көмек беруді сұрады.

Баян Жандосова, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы: «Ерекше балаларға қалай оқыса да мемлекеттен грант бөлінеді. Сексуалды зорлық көрген қыздарға да сол категорияға жатқызса, ерекше бала деп бекітсе екен. Содан соң грант бөлсе, себебі грант ондай балаларға өте қажет. Қазір мен бір-екеуін тауып көмектестім. Ал келешекте кім оларға көмектеседі? Сол мәселе болып тұр»

Кездесу барысында кәмелетке толмағандар ісінен бастап, кінәсіз жазаға тартылып жатқандар проблемасына дейін талқыланды. Ал Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен шымкенттік қоғам белсенділерінің ұсынысын алдағы уақытта көтеретінін жеткізді.

Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі: «Біз келгелі бері бірнеше орталыққа, түзеу мекемесіне де бардық. Біраз мәселеге қанықтық. Тұрғындар мәселесін дәл сол мезетте шешіп бердік. Мұндағы талқыланған мәселелер де өзекті. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, проблемеларды шешеміз деген ойдамын»

Жиын соңында «Қазақстан азаматтық альянсы» қауымдастығы мен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, тұрғындар құқығын бірлесе отырып қорғау туралы қос тараптық меморандумның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.