Кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды

55

Жуырда Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауданның әлеуметтік, кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асыру мақсатында кездесу жиналысы өтті. Аталмыш жиынға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М. Әшірбаев, Түркістан облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Тәжібаева, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары және ауданның жеке кәсіпкерлері қатысты.

Бүгінде Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып келеді. Жеке кәсібін бастауға бейіл жастар қатары көп. Оған көбінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің де қайыры көп болып тұр. Дәл қазіргі уақытта ауданда «Ауыл аманаты» жобасын жан-жақты түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Соның да әсері болар кәсіп бастауға ниет етіп отырғандардың қатары артып келеді.

Жиын барысында бүгінгі аудандағы кәсіпкерлік саласының хал ахуалы сөз болды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің атқарып отырған жұмыстары сараланды. Соған орай, өндіріс көлемінің артып келе жатқаны да тілге тиек болды. Алдағы уақытта кәсіп бастауға ниеттілерге кәсібін жолға қойған тәжірибелі кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастыру жоспарға қойылды.

Яғни, аудандағы әлеуметтік, кәсіпкерлік жобалардың жүзеге асырылуы және оларға қажетті мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету бағыттары бойынша түсіндірілді.
Жиналыс барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын алға тартып, тұщымды жауаптарын ала алды.