Мал басын көбейтуді көздеп отыр

52

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында сәтті жүзеге асырылуда. Осы ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие мен 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие берілуде. Ауыл жастары ұлттық жобаға қолдау білдіріп, кәсіпкерлікке бет бұруда.

Нәтижесі де жаман емес. Алдын Қазығұрт ауданының аумағында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен аталған жобаға байланысты түсіндірме ақпараттық бағыттағы қолдау жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде жастар бағдарламаның тиімділігін түсініп, бүгінде жеке кәсібін ашып жатқандардың қатары көбейіп келеді.

Солардың бірі — Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылының тұрғыны Айқынбаев Бакытжан Абдрахымұлы жеке кәсіпкерлік ашып, бағдарлама бойынша 2,5 пайызбен 5 000 000 теңгеге өтінім берген болатын. Өтінімі қанағаттандырылып, бүгінде 15 бас ірі қара мал сатып алған. Мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған кәсіпкер аталған саланың қыр-сырын жетік біледі. Әрі табысты сала болғандықтан болашағы жарқын деп сенеді. Малдың жем-шөбін, қыстық азығын дайындау үшін қора жайы да дайын тұр. Енді тек іске кіріссе болғаны.

Аталған кәсіпті бастамас бұрын саланы бүге шүгесіне дейін жіліктеп, жоспар құрғандықтан аса қиын шаруа емес дейді кәсіпкер. Ісін енді бастаған жас кәсіпкер алдағы уақытта түскен пайдадан тағы да ірі қара сатып алып, мал басын көбейтуді көздеп отыр.