Түркістан облысында кәсіпкерлер қатары айтарлықтай артқан. Жыл басынан бері 500-ден аса жаңа бизнес тіркелді. Бұл өңір экономикасына қалай әсер етті? Түсім көлемі өсіп, талап күшейді ме? Ал кемшілікке жол бергендерге қандай шара қолданылмақ?
Жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының бюджетіне 58 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Бұл қаражат негізінен аймақтың өзіндік кірістері есебінен қалыптасып, жоспар межесі артығымен орындалған.
Облыс әкімдігінде өткен жиында қаржы-экономикалық көрсеткіштер жан-жақты сараланды. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, субвенциялар, бюджеттік кредиттерді өтеу, сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер бойынша жоспар толық орындалған.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кірістерді ұлғайту және бюджет түсімдерін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, бөлінген қаржыны уақтылы әрі тиімді игеру мәселесі де күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі екені атап өтілді.
Бұдан бөлек, өңірді дамытуға бағытталған негізгі индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімі тапсырмалардың орындалу сапасына ерекше назар аударып, кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшыларына тиісті шара қолданылатынын ескертті. Жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Ресми деректерге сүйенсек, аймақ экономикасындағы оң динамикаға кәсіпкерлер санының артуы да елеулі әсер етіп отыр. Жыл басынан бері өзге өңірлерден 172 кәсіпкер Түркістан облысына тіркеліп, бюджетке 394 миллион теңге көлемінде түсім әкелген. Сонымен қатар, облыс ішінде 362 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берген.
Дилара Иса






