Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұртта қытайлық компанияның өкілдерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Басқосуда ауданда инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайы талқыланған. Кездесу барысында компания өкілдері өңірде іске асыру жоспарланып отырған жобаның негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелерін таныстырған.
Сондай-ақ өндіріс орнын орналастыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімін анықтау және инвестициялық ахуалға қатысты мәселелер қаралған. Облыс әкімі Түркістан өңірінде инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын сөз етіп, өндіріс орындарын ашу мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізген.
Қытайлық компания жылыжай салуды жоспарлап отыр. Кездесу соңында инвесторларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған. Жобаны жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар мен жоспарлар қаралған. Алда ұсынылған жоба жан-жақты зерделеніп, шешім қабылданбақ. Айта кетейік, бұдан бұрын облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған топ Қытайға барып, бірнеше кездесулер өткізген еді.
Дилара Иса






