Шымкентте 300-ге жуық баланың ата-анасы жауапқа тартылды

565

Шымкентте кәмелет жасына толмаған 300-ге жуық баланың ата-анасы жауапқа тартылды. Жасөспірімдер түнгі уақытта үлкендердің еріп жүруінсіз қала көшелерінде жүрген.

3-4 қараша күндері ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізді. Екі күн ішінде түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелетке толмаған 272  бала анықталған.

«Олардың заңды өкілдеріне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, 18 жасқа толмағандардың сағат 22.00-ден кейін көңіл көтеру мекемелерінде болғаны үшін 37 азамат айыппұл арқалады. Ал балаларының сағат 23:00-ден кейін көшеде жүруіне жол берген 235 тұрғын ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес ескертілді» деп хабарлады полициядан.

Айта кетейік, түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерлерде жүрген жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Онда оның жеке басы анықталып, ата-анасына хабарланады. Егер ол ойын-сауық мекемесінде ұсталған болса, онда ата-анасына 3 АЕК (10350 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бала көшеде бірінші рет анықталса, ескерту жасалады. Бұл жағдай екінші рет қайталанса, 7 АЕК көлемінде (24140) айыппұл салынады.