Úı ANONS Балалар мұнай өңдеу зауытын аралады

Балалар мұнай өңдеу зауытын аралады

50 балақай «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не қонаққа барды. Балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған танымдық іс-шара жеткіншектердің болашақ мамандықты дұрыс таңдауына бағытталған. Өндіріс тынысымен танысып, зауыттың жұмысын өз көздерімен көрген балалар ерекше әсер алды. Толығырақ келесі сюжетте.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» серіктестігі қызметкерлерінің балаларына ерекше мереке сыйлады. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шарада бүлдіршіндерге сыйлықтар табысталды. Зауыт жұмысымен танысуға асыққан 9 жастағы Темірхан Оразов бүгін әкесінің еңбек ететін орнын көріп, мұнай өңдеу саласына қызығушылығы артқанын айтты.

ТЕМІРХАН ОРАЗОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен бүгін әкемнің жұмыс орнына келдім. Маған бәрі ұнады. Мен өскенде инженер болғым келеді. Содан кейін ПетроҚазақстанда жұмыс істеймін»

Ашық есік күніне ұлын ерте келгендердің бірі – Орынбек Қыстаубаев. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман мұндай шаралардың балалардың өндіріс саласына қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін айтады.

ОРЫНБЕК ҚЫСТАУБАЕВ, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СОРҒЫЛАРДЫҢ МАШИНИСІ: «Кезінде бізге де қызық болған әкелеріміз қайда жұмыс істейтіні. Соған байланысты мынау ұйымдастырылып жатқан іс-шара өте керек деп ойлайтын. Себебі келіп, көріп, қызығушылық танытып жатыр. Әке жолын қуу мақсатында дегендей. Жаңа маман тарту мақсатында. Ризамын бүгін осы іс-шараны өткізіп жатқанына»

Мұнай өңдеу зауыты ұйымдастырған ашық есік күніне 50-ге жуық бала қатысты. Олар үшін мерекелік дастарқан жайылып, танымдық құралдар салынған сыйлық сөмкелері тарту етілді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың ерте жастан кәсіби бағдар алуына мүмкіндік береді.

МҰХАМЕДЖАН АБЫЛАЕ, «ПЕТРОҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКТС» ЖШС ӨКІЛІ: «Завод атынан балаларға сол мүмкіншілікті беру үшін көбейту үшін бүгіндікте ашық күндерін жариялап, зауыттың істеп жатқан іс-әрекеттерін, қандай жетістігі бар екенін көрсетіп, балаларға келешекте таңдау жасауға жеңілдік болу үшін жасалып жатқан шаралардың бірі»

 Іс-шара барысында балалар «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауытының жұмысымен танысты. Сонымен қатар заманауи өрт сөндіру техникаларын көріп, кәсіпорынның құрылу тарихы мен жетістіктері туралы мағлұмат алды.

Әсел Мәлік