Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойын атап өтуде

43

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми – практикалық конференция басталды. «Ғасырлық дәстүрлер мен жаңа технологиялар – пациенттердің денсаулығы мен сеніміне апаратын жол» тақырыбындағы шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, мереке иелерін айтулы датамен құттықтады.

Облыстық клиникалық аурухананың 155 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми конференцияда медицина мамандары саланың дамуына бағытталған мәселелерге баяндама жасап, оларды кеңінен талқылады. Медициналық іс шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жиынға қатысушыларға айтулы күнге құттықтау сөздерін жеткізді.

Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бұл аурухананың тарихы тереңде, 1868 жылы Шымкент қаласындағы әскери бөлім жанындағы шағын емхана болып ашылып, 1947 жылы  облыстық ауруханаға айналды. 2009-2010 жылы  күрделі жөндеуден өтіп, қазір заманауи облыстық клиникалық ауруханаға айналып, негізі қалыптасты. Қазір 800 төсек орындық ауруханада 1700-ден астам қызметкер Түркістан облысының халқының әлеуметтік, денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында қызмет етуде. Біз медицина саласының қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Баршаңызды облыстық аурухананың 155 жылдығы мерейтойымен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз».

Ғылыми конференция аясында шетелдік медицина орталықтары өкілдерінің қатысуымен Облыстық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша мастер-класстар өткізіледі. Осылайша отандық дәрігерлер шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырады. Сонымен қатар шара барысында үздік медицина қызметкерлері салаға сіңірген еңбегі үшін марапатталып, ерекше құрметке ие болды.

Асхан Мархабайұлы, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Біздің қара шаңырағымыз облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойын тойлап жатырмыз. Ол үлкен жетістік. Тарихы терең маңызы үлкен аурухана. Бүгінде заманауи техникамен жабдықталған. Бірқатар әріптестеріміздің арқасында күрделі жөндеулер жасап, сол құрал жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін біздің әріптестерімізді шетелге орталыққа жіберіп, біліктілігігін арттыру. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының осы жұмысты қолдап, біз әрі қарай дамытамыз. Жоспарда клиникалық ауруханада жаңа заманауи операцияларды енгізу, жаңа әдістемелерді енгізу. Түркістан облысы халқына адал медициналық  қызмет көрсету».

Сонымен қатар салтанатты жиында Мұқан Егізбаев атындағы «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» медалімен бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры Ғалымжан Елшібай да бар.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан өңіріндегі дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен гранттар бөлініп, 3 жылда резидентураға бөлінетін грант санын 70 пайызға арттыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, ауылда қызмет ететін 21 жас маманға 1,5 млн көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Облыста медқызметкерлердің шет елдерде білім алуына 200 млн қаржы қаралып, олар Швейцария, Германия, Франция, Түркия, Ресейде біліктілігін арттырып келді.