Түркістанда инвестиция көлемі 36 пайызға артқан

27

Түркістан облысында экономикалық көрсеткіште оң өсім бар. Жыл басынан бері 680 млрд. теңге қаражат түскен. Ал инвестиция көлемі 36 пайызға артты. Десе де кей аудандарда жұмыс сапасы төмендеген. 

9 айдың көрсеткіші бойынша өңірдегі экономикалық өсім 104 пайызға артқан. Ал түсім 680 млрд. теңгені құрады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібінде оң өсімдер байқалады.

Қанат Қайыпбек, ТО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 802,6 млрд. теңгені, немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8%-ды құрады. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға артты. Инвестиция көлемі 661,6 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда өсім 36,5%-ды құрады. Жеке инвестициялар 469,3 млрд. теңгеге жетті немесе 1,7 есеге артты. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 230,8 млрд. теңгені құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 7,1%-ға артып, 669,4 мың шаршы метр үй тапсырылды»

Аймақ экономикасы 13 индикатор негізінде жұмыс істейді. Алайда кей аудандардағы көрсеткіш төмен. Сондықтан өңір басшысы сол аймақтарды сынға алып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудан, қала әкімдері экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы индикаторларды 100 пайыз орындауы тиіс. Жауапты басқарма мен әкімдіктер тығыз байланыста жұмыс істесін. Әсіресе, жаңа жұмыс орындары мен зауыттар, кәсіпорындар ашуға басымдық берілсін. Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы жұмыстар күшейтілгені жөн. Әр экономикалық көрсеткіштер туралы сандардың артында тұрғындардың, өңірдің әлеуметтік мәселесі тұр»

Биыл күнгей өңірде жеке инвестициялар көлемі 1,7 пайызға артты. Ал аудандар ішінде экономикалық өсім жағынан Созақ көш бастап тұр.