Түркістан облысында қосымша иммундау басталғалы қызылшамен ауыратындар көрсеткіші 63%-ға төмендеді. Қазір аймақта 68 мыңға жуық балаға екпе салынды.
Бұл облыс бүлдіршіндерінің 36 пайызын құрайды. Осылайша өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Ауа тамшылары арқылы жылдам тарағыш дертпен күресуге облысқа тағы да 83 мың доза вакцина әкелінді. Сондықтан қазір жаппай иммундау жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
«Соңғы күндері эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қызылшаға қарсы халықтың белгіленген топтарында жаппай иммундау жүргізілуде. Ол үшін вакциналар жеткілікті. Қазір 67 906 адам егіліп, 189 мың жоспарланған адамның 37 пайызы толық қамтылып отыр» — дейді ТО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов.
Айта кетейік, жыл басынан бері 3 мыңнан аса адамнан қызылша белгілері байқалып, 1512 науқастан аталған ауру анықталды. Оның 85 пайызы 14 жасқа толмаған балалар.