Шымкенттік мұғалімнің оқу бағдарламасы елімізде үздік деп танылды

110

Шымкенттік мұғалімнің оқу бағдарламасы үздік деп танылды. Химия пәнінің мұғалімі Жадыра Шәбден балаларға жаңа дәрі-дәрмектерді әзірлеуге үйрететін бірегей әдістеме жасады. Ал қаладағы мектептердің бірінде оқушылар тірі организмдердің қалыпты өмірін қамтамасыз ететін биогендік элементтерді шығару әдістерін үйретуге арналған арнайы зертхана ашылды. 

Адамның миына, тістеріне және бауырына қандай биогендік зат қажет? Бұл сауалға бүгінде шымкенттік оқушылар оңай жауап бере алады. Мегаполис мұғалімі Жадыра Шәбден құрастырған химия пәнінің жаңа әдістемесі қала мектептерінде оқытылып жатыр. Ал бұл әдістеме жақында ғана елімізде үздік деп танылды.

Жадыра Шәбден, №1 гимназияның химия пәні мұғалімі: «76 химиялық элементтің адам ағзасында бар екенін, оның уыттылығын, адам ағзасына түсуін, биогенді элементтердің адам ағзасында азайып кетуін, азайғанда қандай жағдайға ұшырауын, яғни оқушылардың медицинаға қызығушылығын арттыратын электронды форматта сайт жасалынды. Ол сайт қолжетімді, бірнеше мектепте енгізілді. Ол оқушылардың қызықтырып отырады».

Химия пәнінің мұғалімі дайындап шыққан оқытудың жаңа әдістемелері республикалық байқауда бірінші орынды иеленді. Білім ордасы ұстазды мақтан тұтады. Себебі, Жадыра Шабден 2020 жылы Қазақстанның үздік педагогы атанған.

Анара Сағымбекова, №1 гимназияның директоры: «Жадыра жыл сайын түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі оралады. Ол Республиканың үздік мұғалімі болды. Жақында ғана Алматыда педагогикалық идеялар байқауына қатысып, сол жерде жобасын қорғап, үздік атанды».

Білікті ұстаздардың арқасында мектеп оқушылары да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Балалардың ІТ жобалары Шымкенттің білім беру саласында табысты жетістіктерге жетуде. Мысалы, бүгінде әр оқушының қолында бар арнайы цифрлық карталар арқылы баланың қайда екенін және тіпті оның қаражатты қайда жұмсағанын көруге болады.