Жаңа Конституция жобасындағы «еңбек демалысы» туралы тармақтан «жыл сайынғы» деген сөз алынып тасталды. Бұл өзгеріс заңгерлер мен қоғам арасында қызу талқылануда. Кейбірі бұны жұмысшы құқығын шектеу десе, енді бірі алаңдауға негіз жоқ деп сендіреді.
Жаңа Конституция жобасындағы демалысқа қатысты тұстан «жыл сайынғы» деген маңызды сөздің алынып тасталғанына заңгер Сабира Сәлімова назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы Ата заңда бұл міндет нақты жазылған. Негізі, Еңбек кодексінің 92-бабында «жыл сайынғы ақылы демалыс» деген ұғым әлі де бар. Бірақ мәселе мынада: ол демалыс бастық пен жұмысшының өзара келісімімен ғана беріледі. Ал егер бастық демалыс бермей қойса, ол тек қызметкер екі жыл бойы демалыссыз жұмыс істегенде ғана заң алдында жауап береді.
САБИРА СӘЛІМОВА, ЗАҢГЕР: «Жыл сайынғы демалыс» сөзін алып тастау — жұмысшының құқығын шектеу деп есептеймін. Өйткені Конституция — ең басты заң, ол бәрінен жоғары тұруы тиіс. Осы сөзді алып тастау арқылы, жұмыс берушілер «алғашқы жылы демалыс бермеймін» деп жұмысшының құқығын аяққа таптауы әбден мүмкін».
Заңгерлердің айтуынша, заңдағы бұл бұлыңғырлық жұмыс беруші мен жұмысшының арасында үлкен түсініспеушілік тудыруы мүмкін. Негізі, Конституция — ең басты заң, ол бәрінен жоғары тұруы керек. Бірақ іс жүзіне келгенде, жұмыс берушілер Ата заңға емес, көбіне Еңбек кодексіне сүйеніп жұмыс істейді. Ал ол кодексте демалысқа қатысты нақты кесте құру міндеті әлі де сақталып тұр.
РУСЛАН КИБКЕ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ЗАҢГЕР: «Меніңше, бұл жағдай бастық пен жұмысшының арасындағы демалыс мәселесіне ешқандай әсер етпейді. Өйткені ең бастысы — Еңбек кодексінде «жыл сайынғы демалыс» деген талап сол күйі тұр. Ол ешқайда кеткен жоқ. Мұндай даулы мәселелер көбіне мемлекеттік мекемелерде, бюджеттік ұйымдарда немесе ірі компанияларда ғана туындауы мүмкін».
Сонымен қатар, заңгерлер тағы бір қауіпті ашып айтты: елімізде көптеген жұмысшылар бастығымен ешқандай келісімшарт жасаспайды. Негізі, адамның қашан және қалай демалысқа шығатыны дәл осы ресми құжатта — еңбек шартында тайға таңба басқандай жазылуы тиіс еді.
ТАТЬЯНА СЕЛЕЗНЁВА, ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ: «Жұмысшы мен бастықтың арасындағы бұл талапты нақтылау үшін, біз енді еңбек шарттарын барынша күшейтуге тырысамыз. Өйткені екі жақтың келісімі тек келісімшартпен ғана емес, жай ғана қағазға жазылған өтінішпен де бекітіле береді. Жұмысшы өтініш жазады, бастық оны мақұлдайды немесе бас тартады. Сондықтан, ертең басы ауырмауы үшін, екі жақ та демалыс мәселесін еңбек шартында алдын ала, ап-анық жазып қоюы керек».
Ал Еңбек министрлігі бұл өзгерістерге қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Олар тек қазіргі қолданыстағы Ата заңның шеңберінен шықпайтынын айтып, қысқа қайырды. Естеріңізге сала кетейік, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жалпыхалықтық референдум 15 наурызда өтеді.
Ботакөз Әнуар






