Насыбай сатушыларға айыппұл салынады

21

Елімізде насыбай сатуға заңмен тыйым салынды! Қазір базарлар мен аталған өнімді сатуы мүмкін дүкендерге рейд жүргізіліп жатыр. Егер айғақ зат табылса, тәркіленіп, сатушыға айыппұл салу көзделген. Сондықтан айтулы тауарды кейбір дүңгіршектер жасырын саудалауға көшкен.

Қазақстандықтар насыбайды жиі тұтына бастады. Тіпті жастар темекі мен алкогольдің орнына қолдануды әдетке айналдырыпты. Сондықтан ел президентінің бастамасымен оны сатуға тыйым салынды. Қазір тәртіп сақшылары базарларға рейдке шығып, жедел-профилактикалық шара өткізіп жатыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық құрылтайда насыбай ататын азаматтарды сынға алған еді. Сөзінше аталған еліктіргіш затты тұтыну адамның мәдениетсіздігін көрсетеді. Сондықтан мемлекет басшысы оны айналымнан мүлдем алып тастауды ұсынды.

«Қазір – 21 ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек», – дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Полиция «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сай темекі өнімдерінің ішінде насыбайды елге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын айтады.

«Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделген. Сауда ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады. Сонымен қатар вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті көзделген», – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғым Алекешев.

Насыбай көбінесе антисанитарлық жағдайда жасалады. Оның құрамында әртүрлі ауруларды, соның ішінде қатерлі ісік ауруын тудыратын заттар бар. Сондықтан дәрігерлер одан аулақ болуға шақырады.

«Ауыз қуысының, тілдің, көмейдің онкологиялық ауруларын тудырады. Сонымен қатар ұзақ тұтыну тістің, ауыз қуысының, өңештің ауруларына алып келеді. Насыбайдың құрамында жануарлардың нәжістері және паразиттік аурулардың қаупі бар. Олар өз кезегінде вирусты гепатит, асқазан жарасын алып келеді», – дейді Шымкент қаласындағы №1 емхана терапевті Мира Абдурханова.

Қазір насыбайды кейбір дүкендер жасырын сатса, енді бірі қорыққаннан мүлдеп сатылымнан алып тастаған. Ал оны тұтынып, қоғамдық орында, көшеге түкіру әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін естен шығармаған жөн.