Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев биыл ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын Жайық жағасындағы Атырау қаласында өткізді. Бұған дейінгі екі құрылтайдың алғашқысы ұлт ұясы Ұлытау жерінде, екіншісі былтыр киелі Түркістанда өткен болатын. Ұлтымыздың тарихы мен мемлекетіміздің келешегі үшін келелі мәселелер көтеріліп, жаңа идеялар қолға алынып жатқан бұл жиындардың маңызы мен мәні өте зор.
Президент айтқандай, алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Олардың біразы шешімін тапты. Барлық салада оң өзгерістер байқалады. Әйткенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық тұрғыдағы міндеттерді атқару жеткіліксіз. «Соған қоса әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап нақты шараларды қолға алуымыз керек» деген Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек құрылтайда көтерілген мәселелер де өте өзекті.
Соның бірі – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бұл орайда Қасым Жомарт Тоқаев маңызды бірнеше мәселені алға тартты.
«Экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын. Ең алдымен қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақыырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қоммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деді Президент.
Сондай-ақ, жиында халықты баспанамен қамту, ауыл мен аудан орталығы тұрғындарына арналған жаңа бағдарламаны қолға алу және әлеуметтік осал топтағы жандарға несие өсімін 7 пайыздан асырмау мәселесін алға тартты. Сонымен қатар, сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын көбейту жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Жол салу, жолды жөндеу, елді мекендерге газ тарту қарқынын үдету, тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуді арттыру жайы да осы құрылтайда кеңінен сөз болды.
Президент Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру басты міндеттің бірі деп санайды. Мұның барлығы экономиканы үдерісті дамыту үшін бәсекелестік қабілетті түгел пайдалану қажеттігін көрсетеді.
Иә, Мемлекет басшысының алға қойған стратегиялық жоспарлары ауқымды. Құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің орындалуына әрине бүкіл халық болып бір кісідей жұмыла күш салғанда қол жеткізетініміз белгілі. Қазақ мұндайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демейтін бе еді?!
Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері