Орал қаласына 25 тонна кезекті гуманитарлық көмек жіберілді

52

Шымкент қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмектің бесінші легін жіберді. Орал қаласына аттанған жүк көлігіне құны 9,2 млн. теңгеден асатын 25 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен аса қажетті заттар жиынтығы артылды. Гуманитарлық көмекті ұйымдастырушылар бұл жолы кәсіпкерлердің ерекше атсалысып жатқанын жеткізді.

Шымкент қаласының белсенділерінің атынан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға кезекті гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Рауан Үсібалиев бүгін өзінің әріптестерімен бірге фураға қажетті керек-жарақты артуға көмектесу үшін келген. Заттай көмектен бөлек, ер адамдардың күші қажет деген соң, ойланбастан белгіленген орынға келдік дейді ол.

Рауан Үсібалиев, №1 қалалық клиникалық аурухана жұмысшысы: «Біз №2 ауруханасынан келдік жігіттер болып. Батысқа аттанып жатқан гуманитарлық көмекке жүкті артуға күш қажет болған соң келдік көмектесуге.  Жүктерді артып, қол ұшын беруге келдік».

Су тасқынынан зардап шеккен аумаққа баратын жүк көлігіне «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 9,2 млн. теңгеден астам қаржыға азық-түлік өнімдері мен қажетті заттар артылды. Бұл жолы Орал қаласына 25 тонна гуманитарлық көмек жолданды.

Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры: «Бүгінгі жолданып жатқан көмек Орал қаласына барады. Жалпы кәсіпкерлерден 200 миллионнан астам көмек жиналып, қаржылай, заттай көмек және арнайы техника кетті. Көбінесе ол өңірлерде айтып жатқаны: су қажет және арнайы гигиеналық заттар қажет».

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық ҚХА мүшелері 93 тоннадан астам көмекті су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай қалаларына жөнелткен еді. Гуманитарлық көмек алдағы уақытта да жалғасады.