Қазығұртта жеке инвестор есебінен 5 тұрғын үй салынып жатыр

 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына іссапармен барды. Облыс басшысы ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің сапасын бақылап, мердігерлермен кездесті. Қазығұрт ауданы тұрғындарының ұсыныс-тілегін тыңдап, мәселелермен келген тұрғындарды жеке қабылдады.

Қазығұрт ауданында екі қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл бастау алған баспана жеке инвестор есебінен салынуда. 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін ауданның жер қорынан жалпы 2 гектар жер телімі бөлінген. Жергілікті тұрғындарды тұрғын үймен қамту үшін қолға алынған жобаның жұмысымен ауданға іс-сапармен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысты. Облыс басшысы құрылыс барысында сапаны басты назарда ұстауды тапсырды.

Ауданға қарасты Қақпақ ауыл округіндегі «Қарқын 2030» ЖШС кәсіпорнының мал сою цехы жобасының құны – 1,1 млрд. теңге. Тәулігіне 167 бас, жылына 60 мың бас мал союға қауқарлы. Заманауи үлгідегі цех толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Кәсіпорында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жалпы биыл ауданның өнеркәсіп өнім көлемін биыл 15,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.

Түркістан облысында тұқымбақтар аумағы ұлғайып келеді. Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданында орналасқан аумағы 60 гектарды алып жатқан тұқымбақтың да жұмысымен танысты. 45 түрлі көшет егіліп жатқан тұқымбақта қаламшадан, ұрықтан 600-700 мың көшет өндіріледі. Жылына 500-600 мың түп көшет елдімекендерге тегін үлестірілуде. Мұнда 70-ке жуық маман жұмыс істейді. Өңір басшысы жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыру жұмысын жандандыру керек дейді. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданның топырағына бейім әрі қолайлы көшет түрін толықтыруды тапсырды.

Облыс басшысы Алтынтөбе ауыл округіндегі Қаражан елдімекенінде орналасқан «Жасыл ел» ЖШС мекемесіне де арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жалпы 20 гектар аумақты алып жатқан жекеменшік тұқымбақта 35 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр. Көшеттерді арнайы мамандар күтіп-баптауда. Мамандардың айтуынша, Қазығұртта егілген шырша секілді қылқанжапырақты ағаштар елдің кез-келген аумағының ауа-райына қолайлы болады. Сондай-ақ мұнда сексеуіл тұқымдас отырғызу қолға алынған.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қазығұрт ауданындағы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде халықты толғандырған мәселелер айтылып, шешілу жолдары қарастырылды. Өңір басшысы тұрғындарға облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті.

«Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қазығұрт ауданында 2023 жылы 10 елдімекенде 35 жобаны іске асыруға 1,7 млрд. теңге бөлінді. Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды

Қазығұрт ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 240 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 117 млрд. теңгені құраған. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 31 пайызға өсіп, өткен жылы 9 млрд. теңгеден асты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында 23 мектепте толық іске қосылды. Интернеттің жылдамдығы жақсарды. Тұрғындармен кездесуде проблемалық мәселелерді шешу, олардың жолдарын қарастыруға күш салынады».

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 15 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1,5 млн. теңге ғана тартылған. Облыс әкімі инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім салаларында жұмысты жандандыру жөнінде аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ ауыл жағдайын жақсарту үшін халықты бірлесе жұмыс істеуге шақырды.