Кәсіпкерлер Тайваньға тегін іс-сапарға барып, 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант алу мүмкіндігіне ие болады

фото ШКП

 

Тайваньның Орталық Азия елдеріндегі Сауда орталығының директоры Моника Пен Шымкент қаласына іс-сапармен келіп, кәсіпкерлер палатасында болды. Мәртебелі қонақ Палата директоры Сабира Адамбекова және директордың орынбасары Бауыржан Бердалиевпен жүздесті.

Сабира Құршидқызы қонақтарға Палатаның жұмысы туралы қысқаша таныстырып өтті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі – елімізде кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасау. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан, жергілікті атқарушы және құзырлы-бақылаушы органдармен бірге кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды барынша қолдаймыз. Шымкентте кәсіпкерлікті жүргізуге арналған арнайы экономикалық аймақтар, индустриалды аймақтар бар. Оған қоса күні кеше ғана ҚР Үкіметімен бірге «Атамекеннің» инвестициялық картасын іске қостық. Онда елімізде жүзеге асырылатын инвестжобалардың жүзеге асырылуын барлық тарап бақылай алады», – деді Сабира Адамбекова.

Директордың орынбасары Бауыржан Бердалиев Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамығанын айтты.

«Шымкент қаласында бүгінге дейін жалпы 130 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Біздің қаламызда негізінен сауда және өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Оның ішінде, әсіресе, фармацевтика, мұнай өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, текстиль секілді салаларда басымдық бар. Осы және басқа да салалардағы кәсіпкерлік субъектерімен байланыс орнатылған», – деді Бауыржан Бердалиев.

Қос тарап қазақстандық және тайваньдық компаниялардың байланысын дамыту туралы сөз қозғады.

Шымкентке алғаш рет келіп отырғанын айтқан Тайвань Сауда орталығының директоры Моника Пен екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

«Тайвань өндірісі жақсы дамыған. Біздің тауарлар көп елдің тауарларына қарағанда сапалы. Тайваньның аумағы шағын болғандықтан, зауыттарымыз көп елде орналасқан. Алдағы уақытта Қазақстанмен байланысты одан әрі дамытып, өндіріс орындарын ашқымыз келеді. Бұған қоса сіздердің кәсіпкерлеріңізге арналған бағдарламамыз бар. Оған қатысып, жеңіске жеткен компания Тайвань еліне тегін іс-сапарға барып, 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Моника Пен.

Айта кетейік, Қазақстан 2023 жылы Тайваньға 4,3 млн АҚШ доллары болатын тауар экспорттаған. Олар – негізінен майлы дақыл ұрығы, оксометалл қышқыл тұзы, ферроқұймалар, электронды схемалар. Оның ішінде Шымкент қаласынан құны 147 мың доллар болатын тауар жөнелтілген.

Ал Тайваньнан импортталған тауар құны 160,7 млн АҚШ долларын құрайды (есептеу машиналары, телефондар, мониторлар мен проекторлар және т.б.).