Шымкенттік кәсіпкерлер субсидия қағидасына өзгеріс енгізуді сұрайды

фото Шқ КП

 

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің отырысы өтіп, онда жергілікті кәсіпкерлердің өтініші талқыланды. Жиынға Палата және қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшылығы, өңірлік кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, «Атамекен» ҰКП Департамент жетекшілері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты.

«Кәсіпкерлердің субсидияға қол жеткізуі – өте өзекті мәселе. Себебі, қаламыздағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, олардың жұмысына тікелей әсер еткелі отыр. 2023 жылы жалпы 54 тауар өндірушіден субсидия алуға 364 өтінім беріліп,  1 071,7 млн теңгеге субсидия берілген. Бұған дейін қаламыздың аумағына көрші Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандардан елдімекендер қосылған болатын. Шымкент республикалық қала дәрежесін алған соң бұл елдімекендердің жерлері автоматты түрде елдімекен санатына ауысты. Тиісінше, республикалық қала жеріне тән салық мөлшерлемесі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шығын алып келуі мүмкін», – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаевтың мәліметінше, қалада жылына шаруашылықтың барлық санатында 10,3 мың тонна мал мен құс еті, 59,6 мың тонна сүт, 171,5 млн дана жұмыртқа өндіріледі.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өзекті мәселелер туындауда. Атап айтқанда, қала аумағындағы шаруашылықтар жыл басынан бері субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізілгеннен кейін субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде өтінім жолдай алмауда. Себебі, қаланың аумағында субсидиялау қағидасына сәйкес өтінім берген сәтте тауар өндірушіде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болуы талап етілген және субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер туралы мәліметті ғана енгізуге болады. Соның салдарынан 2024 жылға жоспарланған 306,2 млн теңге бюджет қаржысының игерілмеу қаупі туындауда», – деді Талғат Мекамбаев.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер атынан сөз сөйлеген Өңірлік кеңестің мүшесі Тахирбек Нишанбаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұл кәсіппен ежелден айналысып келе жатқанын, осыған дейін субсидия алуда қиындық туындамағанын жеткізді. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша қажеттілігінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз деген кәсіпкер мәселенің шешімін тез арада қарастыру қажет деді.

Жиынға онлайн қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов жағдаймен таныс екенін айтып, биылғы мамыр айының басында министрліктен арнайы жұмыс тобы Шымкентке келіп, қала аумағындағы шаруашылықтарды үш күн бойы аралағанын, жағдаймен танысып, қажет мәліметтерді жинақтап алып кеткенін айтты.

Ал «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Абжанның айтуынша, бұл мәселе тек Шымкент қаласына ғана қатысты емес. Сондықтан, алдағы уақытта еліміздің басқа қалаларындағы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер де осы проблемамен бетпе-бет келмесі үшін мәселені тез арада қарастырып, терең шешім қабылдау қажет екенін нақтылады.

Жиын соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшылығынан қосымша мәліметтер беруді сұрап, алдағы уақытта мәселені қарастыратындарын жеткізді.