Жоқ өнімге жалған құжат жасап, мемлекеттен 12 млн. теңге субсидия алған

1
фото Отырар.кз

Шымкентте кәсіпкерлер 600 мың литрден аса сүтті өткіздім деп жалған құжат тапсырған.

Мұны қалалық прокуратура мамандары тексеру барысында анықтады. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұлға өзі өндірмеген өнім үшін мемлекеттен 12 млн. теңге субсидия алған көрінеді. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 190 бабы бойынша сотқа жолданды.

«Тауар өндіруші сүт өнімін сүтті өңдейтін кәсіпорындарға өткізуі керек болған. Ол кәсіпорындардың қала прокуратурасына берген мәліметіне сәйкес бұл тауар өндірушіден ешқандай өнім алмағаны белгілі болды. Соған сәйкес бұл мәлімет анықталды. Мемлекеттен бөлінетін субсидия тауар бағасын арзандатуға бағытталған. Әр литріне 20 теңгеден төленеді», – дейді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Қали Бейсенбаев. 

Дәл осындай жолмен мемлекет қаражатын негізсіз алмақ болған бірнеше кәсіпкер анықталған. Олардан қазір 24 млн. теңге қаржы өндірілді. Ал бұл іске жауапты ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының 6 лауазымды тұлғасы, оның ішінде басқарма бастығының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.