“Ең үздік акушер-гинеколог» марапатына ие болды

фото Отырар.кз

 

Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бүгін Шымкенттің ақ халаттыларына мерекеге орай, құрмет көрсетілді. Іс-шарада медицина саласындағы үздіктер марапатталды. Қаланың денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері айтылды. 

Шолпан Тастанбекова 30 жылдан бері ана мен баланың денсаулығы үшін күресіп келеді. Ақ халатты абзал жан №2 қалалық ауруханада қызмет етеді. Білікті акушер-гинеколог бүгін еңбегі еленіп, Шымкент қаласының “Ең үздік акушер-гинекологы» марапатына ие болды.

Шолпан Тастанбекова, №2 қалалық аурухана перзентханасының бөлім меңгерушісі: «Менің әсерім өте жоғары. Біріншіден басшыларға, перзентханадағы «Ана мен баланы қорғау» орынбасарына үлкен алғысымыды айтқым келеді. Мен сол кісілерден жоғары дәрежелі білім алып жатырмын, тәжірибе алып жатырмын. Біріншіден өзің емес, өзгелер үшін жұмыс істеу керек, ана мен баланы қорғау, аналар мен дүниеге келген нәрестелерге жоғары деңгейлі көмек көрсету».

Бүгін Шымкентте ақ халаттылар марапатталды. Медицина қызметкерлері күніне орай қалада абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, мерекелік концерт өтті. Іс-шарада саладағы жетістіктер айтылып, медицина үздіктері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Былтырғы жылы бірінші рет Шымкентте ана өлімі тіркелген жоқ. Бұл үшін мамандарымызға рахмет айтамыз. Оның ішінде акушер-гинекологтар бар. Балалар емханасына Нейростимулятор қою жоспарымызда бар. Бұл кардиологиялық оталар жасауға мүмкіндік береді».

Шымкент қаласының медицина саласында 11 мыңнан астам орта буын, 5100-ден астам жоғары деңгейлі дәрігерлер қызмет етеді. 2023 жылы мегаполисте ана өлімі тіркелмеген. Ал жалпы өлім көрсеткіші 9,3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, қала бойынша 31 медициналық ұйым ұлттық аккредитациядан өткен. Денсаулық сақтау саласының өкілдері Шымкент медицинасын әрі қарай дамыту үшін аянбай қызмет ететінін жеткізді.