Шымкентте қызметін өтеген жас сарбаздарға ЖОО-ға сертификат табысталды

Сурет: Отырар.кз

Бүгін Шымкентте 6698 әскери бөлімінің белгіленген қызмет мерзімін өтеген 1-2023 шақырылым сарбаздары запасқа шығарылды. Салтанатты іс-шарада қызмет өткеру кезінде үздік нәтижелерімен және жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткіштерімен көзге түскен үздік сарбаздарға жоғары оқу орнына түскені туралы сертификат табысталды. Сонымен қатар, 7 әскери қызметшінің анасына «Отан қорғаушының анасы» медалі берілді.

6698 әскери бөлімі ІІ атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Бақытжан Малгаждаров бүгін үздіктер қатарында болды. Шымкенттегі әскери бөлімге Жетісу облысы Талдықорған қаласынан шақырылған жас сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп шықты. Ол медициналық оқу орнына түсіп, дәрігер болуды армандайды. Бүгін әскери қызметші ЖОО тегін оқуға сертификат ұтып алды. Сондай-ақ, Бақытжанның анасына «Отан қорғаушының анасы» медалі берілді.

Бақытжан Малгаждаров, қатардағы жауынгер: «Осы бір жыл шынын айтқанда көзді ашып-жұмғандай болды. Осы сертфикатты алу үшін, «Отан қорғаушының анасы» деген медальді алу үшін бір жыл көлемінде тырысып, атыс жағдайынан және физикалық күш жағынан дайындалып, осы наградаларды алдым деп есептеуге болады».

Сурет: Отырар.кз

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде белгіленген қызмет мерзімін өтеген 1-2023 шақырылым сарбаздары запасқа шығарылды. Іс-шарада қызмет өткеру кезінде үздік нәтижелерімен көзге түскен 22 сарбаз жоғары оқу орнына тегін оқуға түскенін растайтын сертификат жеңіп алды. Сондай-ақ, 7 сарбаздың анасына «Отан қорғаушының анасы» медалі табысталды.

Рустам Қасымбеков, 6698 ә/б тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің бастығы: «Бүгін 6698 әскери бөлімі жеке құрамы үшін өте маңызды күн! Запасқа шығарылатын 1-02023 жылғы мерзімдік әскери-қызметшілерді ұлықтау кешін өткізіп жатырмыз. Әрбір әскери қызметші өзінің Отан алдындағы борышын орындап, өзінің кіші отаны – жанұясына қайтқалы жатыр. Әрбір әскери қызметшіні ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, бөлім командирінің құқықтарымен марапаттап жатырмыз».

Жалпы бүгін 1-2023 шақырылымдағы 151 әскери қызметші запасқа шығарылды. Салтанатты іс-шарада жауынгерлік даярлық пен қызметтің үздіктеріне алғыс хат пен сертификаттар берілді. Сондай-ақ, әскери қызметшілер Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы, «Оңтүстік» өңір қолбасшысы, 6698 әскери бөлімі командирінің марапатына ие болды.