Түркістан облысында 2 блогер қамауға алынды

8

Түркістан облысы Сайрам ауданында 2 блогер қамауға алынды. Олар мектеп директорынан Facebook әлеуметтік желісінде іскерлік беделдігіне нұқсан келтіретін жазбаны өшіру үшін 100 мың теңге талап еткен.

Күдіктілерді облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде бопсалау арқылы ақша талап ету фактісі бойынша ұсталған.

«Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер 2 айға қамауға алынды. Өзге ақпараттар ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды»,-делінген прокуратура мәліметінде.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, блогерлер ұзақ уақыт бойы Сайрам ауданының аумағындағы түрлі ұйымдардың басшыларына қоқан-лоққы жасап, ақша бопсалаумен айналысқан. Оларлың бопсалаудың бірнеше фактілеріне қатысы бар екені анықталып отыр.

Күдіктілердің бірі бұрын сотты болған.

(Фото: egemen.kz)