Зейнеткер қоғамдық кеңеске жүгініп, өзіне тиесілі жер учаскесін қайтарған

1

Қаладағы түрлі проблеманы шенеуніктер ғана шешіп жүрген жоқ. Қарапайым халық пен билік арасында көпір болып жүргендер қатарында қоғамдық кеңес мүшелері де бар. Олар жыл басынан бері тұрғындарға жер беру, коммуналдық және заңсыз құрылыс мәселелерін шешуге атсалысқан. Қоғамдық кеңес биліктегілердің жұмысын бақылап, мегаполистегі даулы мәселелердің шешімін табу бағытында еңбек етіп келеді.

Бұл қоғам белсенділерінің құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесуі. Тәртіп сақшылары атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, ал кеңес мүшелері оларға өз ескертулерін айтып жатыр. Қоғам белсенділерінің басты өтініші – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Сонымен қатар, есірткі тасымалына қарсы «ақылды камералар» орнату.

Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Ең көп жемқорлық білім саласында ғой. Антикормен бірлесе әрекеттер жасап, жемқорлықтың алдын алу мәселелерін халыққа түсіндіріп, мұғалімдерге, педагогтерге түсіндіріп жүрміз. Бүгінде қаламызда  өзге өңірімен салыстырғанда жемқорлық мәселесі азайды деп айта аламын»

«Халықтың арыз – өтініштері әрдайым бақылауда», дейді Қоғамдық кеңес мүшесі Евгений Яворский. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің ардагері бірнеше жыл бойы өз жерін ала аламаған. Тіпті, сотқа дейін барса да мәселесі шешілмеген. Соңында зейнеткер қоғамдық кеңеске жүгініп, өзіне тиесілі жер учаскесін қайтарған.

Евгений Яворский, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Тұрғындардың проблемасын шешудегі негізгі институттардың бірі – Қоғамдық кеңес. Мұнда азаматтардың мәселесі басты назарда. Шымкентте 82 жастағы ақсақал болды. Ол соттасып жүріп, өз жерін ала алмады. Оның мәселесі Қоғамдық кеңес пен әкімнің арқасында шешілді»

Қоғамдық кеңеске түрлі санаттағы тұрғындар мүше бола алады. Олар мегаполистегі даулы проблемаларды шешуге атсалысады. Жыл басынан бері кеңес 174 мәселе қарап, оның жартысынан көбі халықтың пайдасына шешілген. Бүгінде трансшекаралық өзендер мәселесінің қарастырылып, көрші ел билігімен келіссөздердің жүріп жатуы Қоғамдық кеңестің ықпалы артып келе жатқанын дәлелдейді.