Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Республикалық турнир басталды

1

Шымкентте өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы Кубогына VII турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алдағы 4 күн бойы жалпы саны 25 команда жүлделі орындар үшін таласады. Сонымен турнирдің алғашқы күні қалай өтті?

Шымкентте өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша Республикалық турнир басталды. Бүгін «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда Қазақстан Республикасы Кубогына VII турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Алдағы 4 күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 13 ерлер мен 12 әйелдер құрама командасы жүлделі орындар үшін таласады.

Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуге аянбай тер төгіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің еңбегі үлкен. Бүгінгі жарысты ашық деп жариялаймын. Әр спортшыға сәттілік тілеймін. Ал төрешілер әділ бағаласын береді деп ойлаймын»

Дархан Райханов, Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығы азаматтық қорғау полковнигі: «Шымкент қаласының дайындығы өте жақсы. Шымкент қаласы ТЖД-нен әйелдер және ерлер командасы құрылған. Арасында үлкен жеңіске жеткен спортшылар бар. Сонымен қатар, біздің 2 қызметкер министрліктің құрама командасына кірген. Және де жасөспірімдер арасында да команда құрылған»

Ашылу салтанатынан кейін командалар арасында алғашқы жарыс басталды. Спортшылар бүгін жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша сынға түсті.

Жалпы саны 25 команда Республикалық турнирде 4 сайыс бойынша сынға түспек. Жарыстың екінші күні командалар оқу мұнарасының 2, 3, 4 – қабаттарына шабуыл сатысымен көтерілу бойынша жарысады. Ал одан кейінгі күндері өрт эстафетасы мен жауынгерлік қанат жаю бойынша өзара мықтыны анықтайды.