Шымкенттегі Сабыр Рахимов атындағы «Жас ұлан» мектебінің құрылғанына 40 жыл толды. Биыл айтулы мекеме 38-ші рет түлектеріне қанат қақтырып отыр. Білім ордасында соған орай салтанатты мерекелік кеш өтті.
Биыл, 7 генерал, 200-ден астам полковник тәрбиелеп шығарған Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы «Жас ұлан» мектебінің құрылғанына 40 жыл толды. Осыған орай жас түлектер кеші ерекше деңгейде өтті. Астана алаңында 198 балаға жалпы орта білім туралы аттестаты табысталды. Соның бірі 17 жастағы Қаджыакбар Юлдашев. Ол былтыр «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында жүлделі 1 орын алып, қаламыздың намысын қорғаған бетке ұстар шәкірт атанған.
«Мен Қазақстан Республикасына қызмет етемін. Еліміз 1 орында болуы үшін бар күшімді саламын. Мен бұл мектепке келген себебім ағам осы салады жұмыс істейді. Соның артынан барып, Алматыдағы әскери академияға түскім келеді», — дейді «Жас ұлан» мектебінің түлегі Хаджыакбар Юлдашев.
Бұл, білім ұясы қанат қақтырған шәкірттердің 38-інші легі. Бұған дейін 4 мыңнан аса түлек әскери тәртіп негізін осында үйреніп шыққан. Салтанатты шараға арнайы келген ата-аналар балалары үшін бүгін ерекше күн екенін айтады.
«Бүгін біздің асыға күткен «Жас ұлан» мектебі шәкірттерінің бітіру салтанаты. Мен Жомарт Жансейіттің анасымын. Баламызды біліммен сусындатқан ұстаздарына мың алғыс. «Жас ұланға» келген кезде кіп-кішкентай балалар еді. Қазір ұлымыз ер-азамат, нақты мақсаты бар жігіт болып шығып жатыр. Ризамыз. Түлектерге ақ жол, сәт сапар», — дейді жас түлектің ата-анасы Рахия Айтбаева.
Жас ұландықтар үшін маңызды күнге арнайы келген генерал-майор Дәулет Оспанов түлектерге ізгі тілегін арнады.
«Сіздерге түлектер айтарым, ешқашан берілмеңіздер. Әскерге дұрыстап, адал қызмет етіңіздер. Қазір еліміздің айбынды әскерін алға жетелейтін сіздерсіздер. Сондықтан адал қызмет етіңіздер. Әскер қиын-қатал деп көп әңгіме айта береді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала. Мұнда шыңдаласыңдар. Тек алға түлектер», — дейді Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясының бастығы Дәулет Оспанов.
40 жылдың ішінде мектептен 7 генерал, 200-ден астам полковник және 3 ғылым өкілі шыққан. Олар қазір Қарулы күштер мен әскери құрылымдар қатарында қызмет етіп келеді.