40 жыл құжатсыз өмір сүрген…

149

XXI ғасыр. Дамыған заман. Дегенмен әлі де құжатсыз күн кешіп жүрген азаматтар баршылық. Мәселен, бүгін Шымкентте 5 адамға жеке куәлік алу үшін анықтама берілді. Қалалық көші-қон қызметіндегілердің айтуынша мегаполисте құжатсыз жүрген тағы 60-70 адам бар. Және бұл мамандардың көмегіне жүгінгені ғана…

Ахат Расулметов 40 жылдан бері құжатсыз өмір сүріп келеді. Төлқұжатын жоғалтып алған ол бүгінге дейін талай қиындық көргенін айтады. Ер адам қайта ресімдету үшін барлық құзырлы органдарға барыпты. Алайда ешқандай нәтиже болмаған.

Ахат Расулметов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Құжатсыз қатты қиын болды. Оны қайта ресімдеуген мүмкіндігім болмады. Барлық жаупатыларға жүгіндім. Ешкім көмектеспеді. Барлығының сұрайтындары ақша. Қазір 5 перзентім бар. 4 қыз, бір ұл. Олардың да құжаты жоқ. Мектептен де проблема болды. Осы орталыққа жүгініп едім шешіп берді».

Ал «Сана сезі»м орталығы мен көші-қон қызметкерлері 1 ай ішінде ер адамға анықтама берді. Енді сол анықтама арқылы халыққа қызмет көрсету орталығынан жеке куәлігін алуға мүмкіндігі бар.

Көші-қон қызметі 2020 жылдың қазан айынан бастап Ахат Расулметов секілді құжатсыз азаматтарға көмек көрсетуді қолға алған. Содан бері 600 адамның төл құжаты қайта қалыпқа келтіріліпті.

Гүлжан Нысанбаева, Шымкент қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы азаматтық және иммиграция бөлімінің бастығы: «Бізде екі категория бар. Азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан азаматтығын реттейтін анықтамаларды беріп жатырмыз. Сол анықтама негізінде жеке куәлік ала алады. Бізде қазір орталықта 160 адам бар. Оның ішінде 110 адамға біз құжат бердік. Қалғаны әлі ресімдеу үстінде. Себебі олар Ресейде туылғандер. Біз сұраныс жіберген кезде жауабын ұзақ күтеміз».

Мамандардың айтуынша, көші-қон қызметіне жүгінетіндердің басым бөлігі құжатын жоғалтып алғандар. Ал енді бірі 1990 жылдары елге оралған шетел азаматтары. Сондай-ақ, 18 жасында жеке куәлігін алып үлгермегендер де ақыр соңында осындай проблемаға тап болып жатады екен.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева