Жазасын өтеп жатқан 38 әйел аттестат алды

74

Шымкенттегі әйелдер колониясында да жазасын өтеушілер аттестатқа ие болды. Олар жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы оқу курсынан өтіп, тігінші мамандығын тәмамдап шықты.

Аттестатты тапсыру шарасына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Түзеу мекемесіндегілер темір торға тоғытылғандардың білімін жетілдіру жұмыстары жыл сайын дәстүрге айналғанын атап өтті.

Түрмеге тоғытытылған жандар қоғам назарынан тыс қалмайды. Бүгін Шымкенттегі әйелдер колониясында жазасын өтеушілерді құттықтау іс-шарасы өтті. Оларға Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде тігінші мамандығын тәмамдағаны үшін аттестат берілді. 10 ай бойы тігін курсын оқыған нәзік жандылар бұл мамандықтың бостандыққа шыққан соң көмегі тиеріне зор сенімде.

«30 маусымда қолымызға тігінші деген аттестат беріліп отыр. Бұл аттестат өмірде ары қарай керек болады деген ойдамын. Себебі, біздер осында 3 санатты тігінші болып жатырмыз. Алдағы уақытта бала-шағамызға костюм тігіп беруімізге пайдалы», дейді жазасын өтеуші.

Салтанатты шара барысында 38 жазасын өтеушіге 3 разрядтағы тігінші мамандығының аттестаты берілді. Мекеме басшыларының айтуынша, оқуды аяқтаған азаматшалар міндетті түрде жұмысқа орналасады. Оларға осы бағыт бойынша жол сілтер кәсіпкерлер бар екендігін алға тартты. Сонымен қатар, пандемия ушығып тұрған кезде де мекемедегі жазасын өтеушілер бетперде тігіп, өздерінің үлесін қосқан.

Берік Бердіқұлов, ИЧ 167/4 түзеу мекемесі басшысының орынбасары: «Осы оқуды бітірген сотталған азаматша куәлік алған соң ары қарай мекеменің біздің жеке кәсіпкерлер Жүнісалиева, жеке кәсіпкер Жалбурова және Шымкент РПД жұмыс атқарады. Ары қарай жұмысқа алып, жұмыс көздерін көрсетеді. Сотталған азаматшалар ковидтің ушығып тұрған кезінде бетперде тігіп, вирустың алдын алуға өз үлестерін қосты».

Айта кетейік, темір тордағы нәзік жандылар «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шымкент филиалы үшін жастық, құрақ, көрпелерді, ал жеке кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша бетпердеден бастап мемлекеттік жұмыс киімдеріне дейін тігіп келеді.

Сондай-ақ, жасаған еңбегіне қарай жұмыс ақысын да алады. Оның бір бөлігіне мемлекет алдындағы қарызын өтесе, енді қалғанын бала-шағасына жөнелтіп отырады екен.

 Әлихан Файзханов