Шомылу маусымы басталғалы елімізде 53 адам суға кеткен

1
фото Отырар.кз

Шымқаланың аптап ыстығынан суға түсіп қорғанып жатқандардың қарасы қалың. Алайда тұрғындар қауіпсіздік ережелерін сақтай ма? Шомылу маусымы басталғалы елімізде 53 адам суға кетті. Оның 27-сі бала. Қазір тіпті, ережеге бағынбағандарға айыппұл да салынып жатыр.

Қазір елімізде суға шомылу маусымы. Бүгін жұмыс күні екеніне қарамастан, Қошқар ата өзенінің бастауында демалуға келгендердің қарасы қалың. Ал бұл тұрғындар су объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін біле ма?

«Қатты секірмеу керек. Тасқа басы тисе, басы жарылады. Шектеу қойылған жерден әрі аспау керек. Асып кетсе суға кетіп, тұншығып қалады. Немерелерімізге осыларды айтып отырамыз», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Адиша Әбдірахманова.

«Менің анам терең жерлерге бармаңдар деп ескертіп отырады. Тасты жерлерге барсаңдар, құлап, бір жерлеріңді ауыртып аласыңдар немесе бастарыңды жарып аласыңдар деп айтады», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жәудір Қастаева.

«Мен білемін, бұл жерде баспен сүңгуге болмайды. Басың тасқа тиіп, жарылуы мүмкін. Тағы аяқ-киімсіз суға түсуге болмайды. Аяғың кесіліп кетуі мүмкін», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Муслим Нарботаев.

Шомылу маусымының басталғанына небәрі 1 ай болды. Осы уақыт аралығында елімізде 53 адам суға кетті. Оның 27-сі бала. Төтеншеліктер рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Шомылу маусымы басталғалы күнделікті және демалыс күндері күшейтілген режимде  шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда ТЖД, полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан әскерінің қызметкерлерімен, волонтерлармен тұрғындар арасында рейдтік және үгіт насихат жұмыстарын жүргізудеміз», – Шымкент қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұржан Қаракөзов.

Шымкентте жалпы саны 5 шомылу айдыны бар. Алайда, оның тек 3-інде суға түсуге рұқсат етілген. Бұдан бөлек, қаладағы тағы 13 орында шомылуға тыйым салынған.

«Шымкент қаласында ресми тіркелген 5 су айдыны бар. Оның 3-інде шомылуға рұқсат етіледі. Олар: Қошқар ата өзенінің бастауы, «Рахат Бадам» демалыс орны, және Тоғыстағы «Холодильник» демалыс орны. Ал екеуі, Жайлаукөл және Дендрологиялық саябақтағы көл спортқа және туризмге арналған», – дейді Шымкент қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұржан Қаракөзов.

Ескерте кетейік, тыйым салынған орындарда шомылып, қауіпсіздік ережелерін бұзсаңыз айыппұл арқалайсыз. Шомылу маусымы басталғалы Шымкентте 13 адамға айыппұл салынып үлгерген.