Полиция басқармасында 40 «соқыр аймақ» анықталған

5
Фото: Отырар.кз

2021 жылы тергеуге алынған азамат қатты соққыдан қайтыс болған еді. Оған кінәлі деп танылған 4 қызметкер сотталды. Ал биыл құқық қорғау органдарында азапталдым деген тұрғындар шағымымен 23 арыз түскен. Бірақ бұл расталмапты. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы іс-шара өткізілді.

Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерді тексеру кезінде 200-ге тарта бейнежетонның жұмыс істемейтіні белгілі болған. Сонымен қатар Абай аудандық полиция басқармасында 40 соқыр аймақ анықталған. Прокурорлар бұл қылмыскерлерді тасымалдау кезінде олқылықтың пайда болуына әкеп соғатынын айтады. Сондықтан арнайы форум өткізіп, мәселені ортаға салды.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – азаптаудың алдын алу шараларын пысықтау және қызметкердің санасында азаптауға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Қала прокурорының тапсырмасымен мобильді топ құрылған. Ол 3 этаптан тұрады. Қазір 2024 жылы азаптау бойынша факті тіркелмеді», — дейді Шымкент қаласы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы бастығының м.а. Бақытбек Нарқозиев.

Естеріңізде болса 2021 жылы тергеуге алынған азамат соққыға жығылып, криминалдық полиция басқармасынан өлі денесі ғана шыққан болатын. Оған қатысы бар деп танылған 4 шенді былтыр 2 жылдан 7 жылға дейін сотталды. Тұрғындар құқықын қорғау мақсатында адам құқықтары жөніндегі жергілікті өкіл мемлекеттік мекемелерде тұрақты түрде тексеріс жүргізу қолға алынғанын жеткізді.

«Ағымдағы жылдың 8 айында барлығы баруға жататын 19 ұйымдар мен мекемелерге бардық. Оның ішінде 3 мандатты мекемелерге бару қорытындысы бойынша тексеріс жұмысын жүргізіп, шешім қабылдау үшін Шымкент қаласы Прокуратурасына жолданған еді. Жалпы 75 ұсыныс енгізіліп, 71-і орындалды. 94,6 пайыз. 4-еуі орындалу үстінде», — дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов.

Тексеріс нәтижесінде 27 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 3 лауазымды тұлғаға айыппұл салынған. Жауаптылар құзырлы орган өкілдері азаптады немесе құқығын таптады деген арызбен тұрғындар келіп жүгінетінін айтады. Дейтұрғанмен оны дәлелдеу мүмкін болмай жатады. Оның себебін сот сараптама ортағының мамандары атап өтті.

«Азаптау жасағаннан кейін 2-3 айдан кейін сараптама тағайындайды. 2-3 ай өткен соң қандай да бір жарақат іздері немесе басқа да белгілері қалмайды. Белгілері қалмаған соң оның ауырлық дәрежесін айтуға мүмкіншілік жоқ. Сараптама қысқа уақытта тағайындалса, әйтпесе оны дәлелдеу мүмкін емес», — дейді Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының директоры м.а. Рафик Құрбанов. 

Қадағалаушы орган өкілдерінің айтуынша соңғы жылдары шенділердің қамауға алынған адамдарды азаптау фактісі айтарлықтай азайған. Мәселен биыл мұндай шағыммен 23 арыз түссе, оның ешқайсысы дәлелін таппаған көрінеді. Ал күдіктілердің құқығын таптатпау үшін мамандар барлық ғимараттарды камерамен, қызметкерлерді бейнежетонмен қамтамасыз ету және оны онлайн бақылауға мүмкіндік жасау туралы ұсынысын жеткізді.