Жанармай тапшылығын болдырмау үшін мұнай базаларында тексеріс жүреді

33

Өңірлік штабтар жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын болдырмау үшін мұнай базаларына тексеріс жүргізеді.Бұл мәселе  премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен жанар-жағармай нарығындағы ахуалға қатысты кеңесте талқыланды.

Министрліктің мәліметінше, ел бойынша дизель отынының жиынтық қоры 308,56 мың тоннаны құрайды, бұл 2023 жылғы 1 қаңтардағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық.
«Сонымен қатар кейбір өңірлердегі жекелеген жанармай құю станцияларында дизель отынын сатуға шектеу енгізілгені байқалып отыр», – деп атап өтті ведомство.
Ішкі нарықта жасанды тапшылықты болдырмау мақсатында өңірлік штабтарға, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттеріне, мемлекеттік кірістер департаменттеріне, экономикалық тергеу департаменттеріне, табиғи монополияларды реттеу департаменттеріне мұнай базаларына комиссиялық тексеру жүргізу тапсырылды.
Заңбұзушылық фактілері болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе доминантты әрекеттері бойынша тергеу жүргізіледі.