Психотроптық заттарды дайындауға арналған астыртын зертхананы ашқаны үшін сотты болды

30
Фото: freepik.com


Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында А.К. және М.К.-ға қатысты ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) және 296-бабының 2-бөлігімен (есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) айыптау бойынша қылмыстық іс қаралды.

Сотталушылар 2022 жылдың тамыз айында Түркістан облысы, Түлкібас ауданында психотроптық заттарды дайындауға арналған жасырын зертхананы ұйымдастырып, қажетті барлық қондырғылары және құрылғыларымен жабдықтаған.
2023 жылдың наурыз айының шамамен бас кезінде сотталушылар тергеумен анықталмаған тұлғалардың, яғни сыбайластарының нұсқауы бойынша, өздерінің жасырын жабдықтаған зертханасында жалпы салмағы 11 килограмнан асатын «мефедрон» психотроптық затын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында дайындап, осы психотроптық заттарын екіге бөліп, Түркістан облысының Түлкібас және Сайрам аудандарының аумағына жасырған.
2023 жылдың сәуірінде сотталушылар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен құрықталған. Жасырын зертхана ретінде жабдықталған сарайды тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 27 килограммнан асатын «мефедрон» психотроптық заты анықталған.
Сондай-ақ, сол күні А.К.-ның Шымкент қаласы, 16 шағын ауданындағы пәтерін тінту барысында, өзі қолдану үшін өткізу мақсатынсыз сақтап қойған массасы 1,48 грамм кептірілген марихуана есірткі заты тәркіленіп алынған.
Сотталушылардың кінәлары тінту хаттамаларымен, кінәсін мойындап берген жауаптарымен, куәлардың жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және өзге құжаттармен дәлелденеді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар тағылған айыпты толық мойындап, өздеріне жазаны жеңілдетуді сұрады.
Сотталушылардың жазасы мен жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуы мен шын жүректен өкінуі болып танылады. Сотталушылардың жазасы мен жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар табылмады.
Сот: А.К.-ға ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен және 296-бабының 2-бөлігімен, түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады; М.К.-ға ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1),3),5) тармақтарымен, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Үкім заңды күшіне енген.