Шымкентте адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салатын санатқа кіретін қанша қыз бала бар? Қалада жедел жәрдем көлігі жеткілікті ме? Мемлекеттен тегін берілетін дәрілерді таратуға қатысты түйткілдерді қалай шешуге болады? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жауап берді.
– Қазір тұмау белең алып жатыр. Шымкент қаласында жағдай қалай?
– Қазір ауа-райының салқындауына байланысты тұмау жүру кезеңі болып жатыр. Әлемде короновирустың жаңа штаммы таралып жатқаны жайлы да ақпарат бар. Сол себепті де біздің тараптан арнайы дайындық болып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі тапсырма берді. Бас санитар дәрігер өз шешімін шығарды. Бізге қазір гриппке қарсы 150 мың қарсы вакцина жеткізілді, соны арнайы кесетеге сәйкес, адамдарға салуға дайындалып жатырмыз. Бізде бас санитар дәргердің шешіміне сәйкес, аурухана және емханаларда маска кию және температура өлшеу режимі ұйымдастырылған. Әрине, инфекциялық жағдайлар болмасын, бірақ бола қалған жағдайда біз дайын болуымыз керек. Сондай жағдайға алгоритм жасап отырмыз. Инфекциялық ауруханаларды, дәрі-дәрмекті, маска, қолғап сынды заттар жеткіліктілігін тексеріп, кем-кетігі болса толықтырып жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге кереует санын да қадағалап отырмыз. Сол кездегі тәжірибемізді ескере отырып, 3 кезең бойынша дайындық жүргізіп жатырмыз.
– Күнделікті жедел жәрдемге қанша шақырту түсіп жатыр және оның саны артып жатыр ма?
– Біз жедел жәрдем шақыртуын күнделікті қадағалап отырмыз. Қай жерден шақырту түссе де кешігіп бармауы үшін барынша жұмыс атқарып келеміз. Себебі жедел жәрдемнің кешікпей барғаны өте маңызды. Жедел жәрдем көмегі 4 топқа бөлінеді. Қазір күнделікті 90-нан астам бригада шығып жатыр. Және кешкі, түнгі уақытта 3-4 машина қосылады. Ал 4-ші категориясында емханалар арқылы қызмет көрсетеді. Ол бойынша да 26 бригада шығып тұрады. Түнгі уақытта 5 бригадаға дейін қосылады.
Біраз уақыт бұрын күнделікті сұраныс 2200-ден асып кетсе, қазір 1800-ге дейін түсіп жатыр. Сол себепті де вирустық аурулар көтеріліп тұр деп айта алмаймыз.
– Ал жедел жәрдем көлігі жеткілікті ма?
– Біз жергілікті мәслихат пен әкімшіліктің көмегімен жақында емханалараға 23 автокөлік аламыз. Ескірген автокөліктерді жаңартып, қосымша автокөлік болады. Мұның бәрі кешігуді болдырмау үшін атқаралып жатқан жұмыс. Мысалы, қазір қала бойынша бір күні 3, кейбір күні 5 кешігу болып тұрады. Бұрын бұл көрсеткіш өте көп болатын. Бір күнде 20-25 кешігуге дейін болып тұратын.
– Биыл елімізде 11 жасар қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу басталады. Шымкентте қанша қыз балаға бұл вакцина салынады?
– Шымкент бойынша 30 мыңға жуық 11 жасар қыз балаға вакцина салынады. Бұл бойынша біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп семинарлар, дөңгелек үстелдер өткіздік. Ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргіздік. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Біз бұл вакцинаның пайдасын, қандай аурудың алдын алатынын жақсылап түсіндіруіміз керек. Қырғызстан, Өзбекстан сынды көрші мемлекеттерде бұл вакцинаны қабылдап жатыр. Ал осы вакцинаны салған Аустралияны мысалға алатын болсақ, ол жақта бұл аурудың тіркелуі жоққа тән деуге болады. Дамыған елдерде бұл вакцинаны салдырып жатыр. Сондықтан қыздарымыз ертеңгі күні жаман дертке шалдықпас үшін осы вакцинаны бізде де салған дұрыс деп санаймын. Медицина саласындағы білікті мамандарымыз да халыққа осы ұсынысты айтып, дұрыс түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Сондықтан бала денсаулығына бей-жай қарамай, осы вакцинаны салғызуға шақырамын. Бұл вакцинаны салғызатын қыз балалардың тізімі әр емханада бар. Уақыты келгенде емханадан хабарласып, вакцина салғызуға шақырады.
– Өзіңіз де білесіз, короновирусқа қарсы вакцинаны салғызбай, бірақ сол екпені салғызды деген анықтамана қолдан жасатып алған жағдайлар болды. Мұндайды болдырмас үшін қандай тосқауыл қойып жатырсыздар?
– Біз бұл жағдайды мұқият тексереміз. Вакцина салынған адам жайлы ақпарат арнайы базаға енгізіледі. Әрине, оны да адам енгізеді. Вакцина салатын бөлменің бәрі камерамен жабдықталған. Және медбикелер сол емхананың басшылығы тарапынан қадағаланып, тексерісте болады. Біз бұл жағдайды күнделікті қызметкерлерге түсіндіріп айтып отырмыз. Вакцинаны төкпеу керек. Себебі ол үшін мемлекеттен қыруар қаржы қаралып отыр.
– Тегін дәрілер уақытылы беріліп жатыр ма, және оның жеткізіліп жатқанын қаншалықты тексересіздер?
– Тегін дәрілерді «СК-Фармация» арқылы алып жатырмыз. Оған мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлінген. Енді «сол дәрілер тиісті адамға уақыты жеткізіліп жатыр ма» деген сұрақ туындайтыны анық. Әрине жеткізіледі, дегенмен кейбір кезде кешіктіру боп қалады. Оны айту керек. Мұның себебін де анықтадық. Тегін дәрімен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі кейбір кезде қатып қалып жатыр. Соның салдарынан кешігу болады екен. Бұл мәселені болдырмас үшін министрлік тарапынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Тегін дәрімен қамтамасыз ету бойынша тағы бір мәселе – рецепті уақытылы жазбауда. Бұл кемшілікті жою үшін де үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз. Ал кейде пациенттің өзі дәрісін алуға кеш келеді. Себебі басқа жаққа кетіп қалған болуы мүмкін болады. Және де оригинал емес, көшірме дәрілерді алғысы келмейді. Бұл дәрілерді басқа елде, басқа өндірушілер шығарады. Бірақ ол дәрінің ішіндегі пайдалы заты сол оригинал дәрінің құрамына қарай жасалады. Оның бәрі қанша тексерістен өтіп барып, адамдарға таратылады. Осы тұста айта кетейін, оригинал дәріні ешбір мемлекеттің сатып алуға мүмкіндігі болмайды. Себебі ол өте қымбат.
– Денсаулық сақтау саласында жалған құжат жасаумен күрес жүріп жатыр. Шымкентте мұндай жағдай жиі анақтала ма?
– Иә, мұны «мүлде жоқ» деп айтуға болмайды. Мұндай жағдай анықталып тұрады. Өткенде ғана министр ел бойынша жалған құжат жасаудың 45 мыңға жуық жағдай тіркелгенін. Бұл МӘМС қызметінің мониторинг жасап анықтаған жағдайы. Сондай жағдайды болдырмас үшін өзіміз де мониторинг жасап жатырмыз. Қазір бұны қолға алып жатырмыз.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР