Шымкенттегі дәмханалардың бірінде ер адамдар арасында дау туып, бірі екіншісіне қарумен оқ атқан.
Дәмхананың бейнекамерасына жазылған видеода ер адамның екі рет оқ атқаны түсіп қалған. Оқиға бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, заттай дәлелдемелер алынған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр дейді полицейлер.
«Ер адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктіні анықтап, ұстады. Заттай дәлелдемелер алынды, сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары жүргізілуде», — делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Дегенмен, әлеуметтік желіде тергеу сотының судьясы күдіктіні 16 млн теңге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасымен босатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы қалалық сот бүгін, яғни 22 қазанда «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына екі айға санкция берілгенін хабарлады.
«Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысымен Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотымен күдікті Т.-ға қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған қаулысының күші жойылды. Күдікті Т.-ға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына екі айға санкция берілді. Қаулы заңды күшіне енді. Ал, қалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректер ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабының талаптарына сай жария етiлмейді», — деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.