Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт опырылып қалды

22
Фото: egovpress

Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт опырылып қалды. Сарыағаш аумағында кеше ғана төселген жолдың бүгінгі күйі осындай деп күйінген көлік жүргізушілері әлеуметтік желіге жол сапасының жағдайы көрсетілген видеоларды жарыса жариялауда.

Сөздерінше, сапасы сын көтермейтін жол жақында ғана салынған. «ҚазАвтоЖол» өкілдері қазіргі таңда мәселе шешіліп, мердігер тарапынан толыққанды жұмыс жүргізілді деп сендірді.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі: «2024 жылғы 29 қыркүйекте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиал мамандары республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ – Гагарин – Жетісай – Абай – Сарыағаш – Қапланбек – Жібек жолы» автожолының 74-220 шақырымы аралығындағы орташа жөндеу учаскесінде ақауларды анықтады. Бұл ақаулар автожолдың 212+600 шақырымында анықталды. Мердігер компанияға бірден тапсырма берілді. Дереу бұл мәселені шешіп, қалыпқа келтіру бойынша. Қазіргі таңда компания толыққанды жұмыстарды атқарды».

«ҚазАвтоЖол» мамандары мердігер мекемеге барлық анықталған ақауларды жою және сол жұмыстардың сапасы мен қорытындысын растау үшін арнайы аккредиттелген зертханалар мен институттардан растайтын құжатты ұсынуды тапсырыпты. Сондай-ақ, келісімшартқа сәйкес мердігерге анықталған кемшіліктер бойынша айыппұл салынған.