Оқушылар үшін жағымды жаңалық! Шымкентте жаңа оқушылар сарайы мен спорт мектебі ашылды. Онда балалар шығармашылық қабілеттерін дамытып, спорттық дағдыларын шыңдай алады. Жаңадан ашылған нысандарда балалар үшін тағы қандай жағдай жасалған?
Бассейн, интерактивті кітапхана, фото-видеостудия, 3D-модельдеу және керамика үйірмесі. Шымкентте 500 орынға лайықталған үшінші оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жаңа қосымша білім беру мекемесінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Тұран шағынауданында орналасқан үшқабатты ғимаратта балалар түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады.
Қалада балалардың спорттық қабілеттерін шыңдау мақсатында жекпе-жек және күрес түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де ашылды. Төрт қабатты спорт кешенінде грек-рим және еркін күрес, дзюдо, кикбоксинг, каратэ, самбо және фитнеске арналған алты мамандандырылған зал қарастырылған.
Сондай-ақ, ғимаратта конференц-зал, санитарлық тораптар мен душ бөлмелері бар. Айта кетейік, спорт мектебі республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген майталман спортшыларды тәрбиелейді. Олардың арасында Елена Шалыгина мен Софья Берульцева бар.