Қазақстандықтар үшін бұзылған несие тарихын қайта қалпына келтіру мүмкіндігі бар. Кейде қаржылық қиындықтарға байланысты қарызды уақытылы өтей алмау жағдайлары орын алады. Мұндай ақпарат несие тарихына бірден әсер етіп, ұзақ уақыт бойы қаржылық беделіңізге көлеңке түсіруі мүмкін. Дегенмен, оны қайта түзетуге болады, бірақ бұл үшін уақыт пен дұрыс қадамдар қажет.
Бекзат бірнеше жыл бұрын үлкен көлемде несие алған. Алайда, белгілі бір жағдайларға байланысты қарызын уақытында төлей алмай, біраз уақыт кешіктіріп алған. Кейіннен ол несиесін төлеуді қайта жалғастырғанымен оның несие тарихы әлдеқашан бұзылып үлгерген еді.
Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша қазақстандық қарыз алушылардың 20 пайызының кредиттік тарихы нашар. Сала мамандарының көзінше бұл маңызды көрсеткішке көптеген факторлар әсер етеді.
Талғат Игіліков, қаржыгер: «Кешіктірілген төлемдер, бұл кредит тарихының нашарлауының негізгі факторы. Бұл әркімнің жеке басына қатысты. Қаржылық сауаттылығы болмаған кезде адамдар несиелік тарихын бұзып алады. Содан кейін барып төлемдерді мерзімінде төлеуді, қаржылық жағынан сауатты болып, тәртіпке үйренеді».
Дегенмен сарапшылар несие тарихын қалпына келтіруге болатынын айтады. Ол үшін жеке несие есебін алуға және рейтингті анықтауға кеңес береді. Егер ол төмен болса, тарихты жақсарту бойынша ұсыныстар беретін қызметті пайдалануға болады.
Индира Қарлыбаева, Бірінші кредиттік Бюроның жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі блог басшысы: «Бұл қызмет сізге қай несиені бірінші кезекте өтеу қажет екенін, несие жүктемесін қалай азайтуға болатынын көрсетеді. Осы ұсыныстарды орындау арқылы қаржылық сауатыңызды арттырып, несие рейтингіңізге әсер ететін әрбір қадамды жақсы түсіне бастайсыз».
Мамандар барлық қарыздар жабылғаннан кейін, шағын несие алып, оны уақытылы төлеп отыруды ұсынады. Бірақ ең бастысы – қарызды мерзімінен бұрын жаппау. Себебі, банк үшін төлемдеріңіздің тұрақтылығы маңызды.
Сонымен қатар, Бірінші Несие Бюросы несие тарихын жылдам түзетіп береміз деп уәде беретін алаяқтарға сенбеуге шақырады. Бюро деректерін өзгерту мүмкін емес. Ең бастысы – қаржылық тәртіпті сақтап, жауапкершілікпен қадам жасау. Сонда ғана уақыт өте келе несие тарихын қалпына келтіруге болады.
Шынар Оразова