Арыс қаласы толықтай оқ-дәрілерден тазартылды

217
Арыс сапер

Арыс қаласы толықтай оқ-дәрілерден тазартылды. Ал қалғандары ешқандай қауіп төндірмейді. Қазір сапёрлер үйінің ауласында жарықшақ қалған тұрғындардың арызы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ қаланың шет жағы ауқымды жұмысты талап етеді.

Арыстың айналасындағы жазық далада апта бұрынғы апаттың іздерін байқауға болады. Қазір мұнда арнайы дайындықтан өткен жауынгерлер ғана бар. Олар асықпай, анық басып жерді тінтіп келеді. Жауынгерлердің арақашықтығы жағдайға қарай белгіленеді. Егер күдік тудыратын зат тапса, барлығы тоқтап, тізерлеп отыра қалады. Нұсқау сондай.

Ең бірінші саперлерге жарылыс болған қоймадан 2 шықырымға дейінгі жерді тазартуы тиіс болды. Одан кейін тазалау аумағы 10 шақырымға ұлғайды. Саперлер командирінің айтуынша бұл жұмыста асығуға болмайды. Офицер мұны өз тәжірибесіне сүйеніп айтып тұр. Бақытбек Тәжібаев кезінде Иракты минадан тазартқан.

Бақытбек Тәжібаев, Инжинер-саперлік полктің командирі: “Елден жырақта жұргенде Отанның намысын ойлайтынбыз. Себебі бұл бір инженер-саперлік бөлімнің ғана емес, бүкіл елдің абыройы. Ал өз елімізде осындай жағдай болғанда, алдымен халықтың қауіпсіздігін ойлау қажет”.

Табылған оқ-дәрілерді арнайы көліктерге артады. Ал сырты қызыл жалаумен белгіленген. Жүк салғыштың ішіне құм төселген. Бұл да қауіпсіздік шаралары.

Арысқа еліміздің барлық инженер-саперлік бөлімдері жұмылдырылған. 500-ге жуық жауынгер, 42 топқа бөлініп жұмыс істеп жүр.

Олжас Айдарбек